Еуразия даму банкі Қазақстандағы алтын өндірісін қаржыландырады

МАТЫ. 25 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Еуразия даму банкі «Алтыналмас» акционерлік компаниясы» АҚ-ның Қазақстандағы алтын өндірісін дамыту туралы инвестициялық жобасын қаржыландыруды бастағанын хабарлады.

Несие келісіміне тараптар қыркүйектің аяғында қол қойған көрінеді. Жалпы құны 150 миллионға жуық долларды құрайтын бұл жобаның 100 миллионға жуығын Еуразия даму банкі ұзақ мерзімге несиеге бергелі отыр.

«Банк құралдары алтын қазу фабрикасы мен инфрақұрылымды қайта құру мен жаңартуға және тау-кен техникалары мен озық технологияларды сатып алуға жұмсалады. Бұл жобаны жүзеге асыру ғаламдық тұрақсыздық кезінде Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызы зор», - дейді Еуразия даму банкі Басқарма төрағасының орынбасары Қамбар Шалғымбаев. Оның айтуынша, халықаралық қаржы институтының инвестициясы жылына 1,4 миллион тоннаға жуық алтын кенін өндіру мен өңдеуге дейінгі тау-кен металлургиясы кешенін құруға мүмкіндік береді. Бұл жоба Жамбыл облысындағы Ақбақай алтын кенішінде жүзеге асырылуда. Қазақстандағы ең ірі алтын кеніштерінің бірі саналатын бұл кен орнындағы өндіріс өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына да өз ықпалын тигізбек.