***
1991 жылы Түркия Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәтте оны мойындаған ең алғашқы мемлекет болды. Содан бері бастауын ортақ тарихымыздан, мәдени әрі рухани тамырларымыздан алатын бауырластық байланыстарымыз күн санап нығайып келеді. Біздің достық салтымыз бен рухани бірлігіміздің тарихы, шын мәнінде, тым тереңде жатыр.
Ал, 2000 жылдардан бастап екіжақты қатынастарымызда жаңа тарихи белес бағындырылды. Саяси, экономикалық және мәдени салаларда бірлесе құрған институционалдық тетіктеріміздің арқасында ынтымақтастығымыз барынша нақты әрі жемісті нәтижелер бере бастады. Энергетика, көлік, логистика және қорғаныс өнеркәсібін басты назарға ала отырып, экономикалық саладағы ықпалдастығымыз бен білім-мәдениет бағытындағы әріптестігіміз кең әрі берік негізде дамып келеді.
2012 жылы құрылған Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі аясында экономикалық және сауда қатынастарымызды дамыту бағытында маңызды жетістіктерге қол жеткізгеніміз анық. Бүгінгі таңда Қазақстанмен арадағы өзара сауда айналымымыз 10 миллиард долларлық межеге таяп қалды. Түрік іскер топтарының осы уақытқа дейін Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестиция көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар, түрік мердігерлері Қазақстанда жалпы құны 30 миллиард доллардан асатын 550-ге жуық ірі жобаны сәтті аяқтады. Қазақстан Президенті, құрметті бауырым Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірлесе белгілеген ортақ мақсатымыз – сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу. Өзара қарымды күш-жігердің арқасында бұл межені де қысқа мерзімде бағындыратынымызға сенімім мол.
Халықтарымыз арасындағы бауырластық алтын көпірін нығайта түсетін білім, спорт және мәдениет салаларындағы қарым-қатынастарымызды мінсіз деңгейге жеткізу – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Баршаға мәлім болғандай, Анкара қаласы Түркі мемлекеттері ұйымының 2026 жылғы Туризм астанасы болып бекітілді. Осы ерекше мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақ бауырларымызды бай мәдени, тарихи және адами мұрасымен түркі әлемінің ортақ зердесін бейнелейтін Түркияның астанасына шақырамын. Жыл бойы өткізілетін тарихи, мәдени және спорттық іс-шаралардың төрінен қазақ бауырларымызды көруді өзіміз үшін зор мәртебе санаймыз.
Қазақстан сапарымыздың мәні біз үшін өте терең. АҚШ-Израиль мен Иран арасындағы текетірес, Газадағы тұрақсыз бітімгершілік үдерісі басты назарда тұрған, аймағымыздың саяси тұрақтылығы мен энергия қауіпсіздігі, сондай-ақ тасымал мәселелері жаһандық деңгейде сынға түсіп жатқан осы күндері Қазақстанда өткізетін екіжақты келіссөздердің маңызы зор. Бұл сапар елдеріміз арасындағы саяси, экономикалық және сауда байланыстарын жаңа белеске көтеріп қана қоймай, халықтарымыздың ежелгі достығын еселей түсетініне сенімім мол.
Осы сапар аясында Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшыларының бейресми саммитіне қатысамыз. Алқалы жиында түркі әлемінің саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастық әлеуетін жан-жақты талқылап, өңірлік сын-қатерлерді бірлесе бағамдауға мүмкіндік болады. Түркі әлемінің намысын ту еткен мемлекеттер ретінде біз бұдан былай да Қожа Ахмет Ясауидің «Мұқтаждардың қарны тоймай, дәулеттілер олардың халіне қайғырмаса, дүниенің құты қашады» деген пәлсапасын басшылыққа аламыз. Аймағымыз бен күллі әлемде бейбітшілік, бақуаттылық пен тыныштық ахуалын орнықтыру жолында тарихи жауапкершілік арқалаудан ешқашан бас тартпаймыз.
Өңірлік қақтығыстар мен дағдарыстар бүгінде жаһандық ауқымда ортақ қауіпсіздігімізге, экономикалық әл-ауқатымыз бен тұрақтылығымызға төнген ауқымды сын-қатерге айналды. Жаһандық жүйе текетіреске толы геосаяси бәсекелестік әкелген жаңа асимметриялық тәуекелдер, энергиямен жабдықтау қауіпсіздігіндегі іркілістер және соған байланысты қаржы нарығындағы құбылмалылық алдында күрделі стресс-тестке тап болып отыр. Сонымен қатар, жасанды интеллект негізіндегі ауқымды трансформация әкелген жаңа үдерістер жаһандық жүйенің осал тұстарын одан сайын айшықтай түсті. Біз бұрыннан баса айтып келе жатқандай, бұл сынақтардың барлығы қазіргі халықаралық тәртіп пен жаһандық басқару тетіктерінің қауқарсыздығын және оларды түбегейлі реформалау қажеттігін айқын көрсетеді.
Бұған дейін, 2014 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы мінберінен жасаған үндеуімде халықаралық жүйенің құрылымы мен легитимділігі күмән тудыратынын айтып, «Әлем бес елден үлкен» деген ұранмен әділетті дүние құрудың мүмкіндігін көрсеткен едім. Өкінішке қарай, содан бері жаһандық жүйенің әділетті әрі инклюзивті сипатқа ие болуы бағытында айтарлықтай даму болған жоқ деп айтуға мәжбүрмін. Мұның ең айқын әрі ауыр мысалы – Газада болып жатқан оқиғалар. Израильдің қылмыстары салдарынан адамзаттың ортақ құндылықтары аяқасты етіліп жатыр.
Түркия ретінде біз жаһандық және өңірлік дағдарыстарды тек «тиімді ережелерге» негізделген тәртіп орнату арқылы ғана еңсеруге болады деп есептейміз. Осы орайда, өңіріміз бен жаһандық деңгейдегі дағдарыстар мен қақтығыстарды тоқтату үшін көпжақты ұйымдар аясында да, дербес те жауапкершілік алудан қашпаймыз. Бейбітшілік дипломатиясы мен делдалдық бастамаларымызда барлық тараппен сенімге негізделген диалог орнатып, мәселелерді дипломатиялық келіссөз үстелінде шешу үшін нақты қадамдар жасалуын қамтамасыз етудеміз. Жаһандық бейбітшілік пен әл-ауқат жолында жүргізіп отырған қағидатты дипломатиямыздың әлемдік деңгейде айрықша танылып жатқанын көру бізге зор ризашылық ұялатады
Алайда бұдан да әділетті, инклюзивті әрі тұрақты бейбітшілік пен бақуаттылық ахуалын қалыптастыру үшін екіжақты, өңірлік және жаһандық серіктестіктерді кеңейту қажеттігі анық. Осы тұрғыда біз өңірлік келіспеушіліктерді, ең алдымен, аймақ елдерінің институционалдық бастамаларымен шешу керек деп санаймыз. «Аймақтық мәселелерді өңір елдерінің өз күшімен шешуі» тұжырымдамасына сәйкес, Түркі мемлекеттері ұйымы бастаған, өзіміз мүше ұйымдармен және көршілерімізбен бірлескен бастамаларға әрдайым ашық екенімізді баса айтқым келеді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымдық проблемалары, өңірлік және жаһандық қақтығыстарды шешу, сондай-ақ тұрақты экономикалық әл-ауқатты орнықтыру секілді кез келген маңызды мәселеде дос әрі бауырлас Қазақстанмен жүргізіп отырған ынтымақтастығымыз бен серіктестігіміз сыртқы саясатымызда ерекше орынға ие.