«Еуразиялық банк» АҚ Республика тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай суретшілер арасында байқау жариялады

АЛМАТЫ. 19 шілде. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Еуразиялық банк» АҚ Республика тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қазақстан суретшілері арасында кең ауқымды қайырымдылық арт-жобаның басталғанын хабарлайды.

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық талантты жандар байқауға қатыса алады және қоғамға танылып қана қоймай, қомақты ақшалай ұтысқа ие болады.

Аталған жобаныңмақсаты-Қазақстанның шығармашылық талант иелерін қолдау, бейнелеу өнерінің осы бағытын дамыту және заманауи өнер мұражайларын құру болып табылады.

Өңірлік гранттың 18 жеңімпазы өз туындыларын Алматыдағы қазіргі заманғы өнер мұражайына ұсынады және бірнеше мың АҚШ доллары көлеміндегі қомақты ақшалай сыйақыға қол жеткізумен қатар, ұлттық грант - бес мың долларды алу құқығын да иеленеді.

Арт-жобаның гранттық қоры 45 мың доллардан асады. Оған қоса, Еуразиялық конкурс жеңімпаздарына 18 VISA Gold төлем карточкаларын ұсынбақ.

Беделді әділқазылар мен Банк басқармасының айтуынша, үздік деп танылған суреттер, сондай-ақ Еуразиялық Банктің жаңа шығарылымындағы VISA пластикалық карталар бетінде жарияланатын болады және бүкіл әлем қазақстандық суретшілердің туындыларын тамашалай алады.

Арт-жоба бірнеше кезеңдерден тұрады. Бірінші кезеңде, яғни 2011 жылғы 1 шілдесінен - 30 тамыз аралығында жоба сайтында (art.eubank.kz) ғаламтор арқылы дауыс беру жүргізіледі. Кез келген адам сайтқа кіріп, ұнаған туындыға дауыс бере алады. Екінші кезеңде өңірлік және ұлттық іріктеу жүргізіледі. Әр қаладағы әділқазылар жеңімпазды анықтайды және әрқайсысы $2000 көлеміндегі өңірлік грант алады.

Нәтижесінде $5000 ұлттық грант иегері анықталып, Алматыда ақтық мәре болады. Жеңімпаз қыркүйек айының екінші жартысында Алматыда өтетін салтанатты кешбарысында жарияланады.

Марапаттау рәсімінде жобаның барлық финалистері, сыйлы қонақтар, банктің VIP клиенттері, басқарма мүшелері мен БАҚ қатысады деп күтілуде.