Еуразиялық банк несие қоржынының өсу қарқыны бойынша 2010 жылы отандық банктер арасында бірінші орынды иеленді

АЛМАТЫ. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Еуразиялық банк» АҚ Халықаралық қаржылық есептеме стандарттарына сәйкес 2010 жылғы өз қызметінің нәтижесін жариялады.

Басқарма төрағасы Майкл Эгглтонның айтуынша, банк активтері былтыр 11 пайызға, жиынтық капиталы 7 пайызға ұлғайған. Активтердің өсуі былтыр негізінен алдыңғы жылмен салыстырғанда несие қоржынының 36 пайызға артуымен байланысты болды. Ал өткен жылы жалпы Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінде несие қоржыны 2009 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға төмендеген.

«2010 жылы корпоративтік секторды несиелеу 68 пайызға артып, несие қоржынының 59 пайызын құрады. Ал бұл жыл басында 48 пайыз болатын. Корпоративтік несие секторындағы бұл өсім банктің несие тарихы жақсы ірі корпоративтік клиенттерге көбірек көңіл бөлуіне байланысты болды. Бұл қадам қаржы ауыртпалығы кезінде шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру кезінде тәуекелдерді азайту және бөлшек сегментті несиелеу қажеттігінен туындады», - дейді М. Эгглтон.

Оның сөзіне қарағанда, 2009 жылды банктің жаңа топ менеджменті жүргізген несие қоржынын қайта бағалау және құрылымдаудан кейін 13 миллиард теңге көлеміндегі шығынмен аяқтаған болатын. Былтыр банктің таза табысы 771,4 миллион теңгені құрады. Таза пайыздық кіріс 38 пайызға ұлғайып, 5,8 миллиард теңге болды.