Еуразиялық даму банкінің инвестициялық қоржыны 5 есеге ұлғайды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Еуразиялық даму банкінің активі былтыр 53 пайызға өскен.

Бұл жайлы банк кеңесінің Алматыда өткен мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Мәжіліске ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев пен Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрі Виктор Христенко қатысты. Басқосуда кеңес мүшелері банктің 2008 жылғы жұмысын мақұлдап, 2009 жылғы жоспарын бекітті. Жалпы «Делойт» ЖШС-нің аудиторлық қорытынды есебіне қарағанда, банк активтері 2,008 миллиард долларға өсіп, таза кірісі 40,5 миллион долларды құраған. Былтыр сондай-ақ Еуразиялық даму банкінің инвестициялық қоржыны 5 еседен астамға ұлғайып, 1,2 миллиард доллардан асты. Банктің басқарма төрағасы Игорь Финогеновтың айтуынша, Ресей мен Қазақстан арасындағы тиімді сауданы жылына 10 пайызға өсіруге болады. Ал банк жүзеге асырған жобалар екі ел арасындағы инвестицияны 7,5 пайызға ұлғайтуды қамтамасыз ете алады.