Еуразиялық медиа форум - жаһандық диалогты дамытуға серпін береді - Апталық шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақпараттық ғасыр мен жаһанданған заманда көп болып пікір алысып, ортақ проблемаға бірлесе жұмылмаса, жеке-дара жүргендер жөні түзу іс бітіре алмайтынын әлем елдері де мойындай бастады. Шындығында, қазір дүниеде қатерлерге, құбылыстарға қарсы «дербес күрескер» деп аталатын ел жоқ. Соның ішінде әлемдік аренада өз орнын дөп басқысы келетін әрбір мемлекет ашық пікірталас алаңдарына көбірек жүгінеді. Түсіністікке, диалогқа ұмтылады. Бұндай түсіністік әсіресе Шығыс пен Батыс өркениеттері арасында мейлінше қажет екені анық.

Дәл осындай ортақ мақсатты орындау миссиясы үшін 2001 жылы Еуразиялық медиа форум Қазақстанда құрылған болатын. Халықаралық форумның бастамашысы болған әрі жобаның авторы Дариға Назарбаева оның негізгі мақсатын «Шығыс пен Батыс көшбасшылары арасындағы өзара түсіністік пен диалогты нығайту арқылы аймақтық және ғаламдық мәселелерді ортақ түсінуге үлес қосу» деп белгілеген болатын. Танымал журналистер, салмақты саясаткерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары мен медиа сарапшылардың басын қосатын ХІІІ Еуразиялық медиа форум осы аптада Астанада өтті. Мәртебелі мінберге айналған алқалы жиынға әлемнің 50 елінен 30 спикер мен 400 делегат келді. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының 400-ден астам өкілі форумнан хабар таратты.

Айта кетерлігі, Қазақстан дәл осындай халықаралық деңгейдегі ашық пікірталас алаңдарын белсенді ұйымдастыратын ел ретінде мойындалып келеді. Өйткені, еліміздің бейбітшіл әрі адамзаттық бастамаларының бәрі де жаһанданған әлем үшін аса өзекті проблемалар саналады. Сондықтан да, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алқалы форумға қатысушыларға арнаған жолдауында жиынның маңызына ерекше тоқталып өтті. «Бүгінгі таңда әлем барша адамзатқа теңдессіз сын-қатерлер төндірген жаңа дәуірге аяқ басты. Жаңа әлемнің, бәріміздің ортақ болашағымыздың қандай болатыны біздің әрқайсымызға байланысты. Мен «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесті ұсындым. Оның мақсаты - Жер бетінде соғыс атаулыны түп-тамырымен жою. Бұл ғасыр ортақ ерік-жігер арқылы парасат пен жасампаздық сындарлы диалог салтанат құратын дәуір болуы тиіс», - деді Елбасы өз құттықтауында.

Еуразиялық форумның арнайы шақыртылған мәртебелі меймандарының бірі Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзай болатын. Хамид Карзай сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы бітімгерлік рөліне жоғары баға беруден бастады. Мейман әсіресе Ауғанстанның қайта қалпына келтірілуіне көп көмек көрсеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін еске салды. «Мінберді пайдаланып, Қазақстанның мыңға тарта ауғанстандық студенттерге стипендия бөліп отырғанын айта кеткім келеді. Олардың 180-ге жуығы медицина білімін алуда. Ұзақ мерзімге оқудан қол үзіп қалған ел үшін бұл қайырымдылықтың бағасы өте қымбат», - деді Хамид Карзай ағынан жарылып.

Форумның биылғы тақырыбы әлемдік экономика және оның жаһандық дағдарыс жағдайында өзгеруі, алпауыттар арпалысы немесе әлемдік державалардың геосаяси мүдделерінің тайталасы, Таяу Шығыстағы жаңғыру үдерістері секілді мәселелерді қамтып отыр. Бұдан бөлек, «Еуропалық Одаққа мүшеліктің аңызы мен ақиқаты», «Мұнайлы елдердің жаңа имиджі және елдік брендтің құны» тақырыптарын күн тәртібіне шығарғаны белгілі.

Ресми тұлғалардың алғысөзінен соң алғашқы мәжіліс «Әлемдік экономиканың бүгіні мен ертеңі» тақырыбына арналды. Сарапшылар ғаламдық экономикалық дағдарыс, мұнай бағасының құлдырауы, дүниені дүрліктірген қантөгісті оқиғаларына талдаулар жасап, болжамдарын бұрқыратты. Алпауыт мемлекеттер арасындағы көшбасшылыққа ұмтылудан бастап, державалар текетіресінің соқтырар салқыны, мұнай бағасының әлемнің дамуына әсері жайында әңгіме өрбіді. Таяу Шығыс елдерін ғана емес, Еуропаның қақ ортасын қан қақсатқан, соның ішінде Париж бен Брюссельге де жеткен лаңкестік әрекеттер туралы ойлар ортаға салынды.

Мәселен, сондай пікір алмасудың бірінде Хамид Карзай терроризммен күреске қатысты өз пайымын ортаға салды. «Біз әлемдік державалардың бір-біріне сенімсіздікпен қарауының зардабын тартудамыз. Экстремизм мен терроризм - солақай саясаттың салдары. Оның астарынан бірыңғай әлеуметтік немесе діни себептер іздеудің аяғы жақсылыққа апармайды. Дүниеде жекелеген елдер ғана бақытты немесе бақытсыз бола алмайды», - деді Х.Карзай. Оның пайымынша, терроризм мен радикализм тек әлеуметтік жағдай мен дінге байланысты туындамайды, бұл - нашар саясаткер мен нашар саясаттың салдарынан да болады.

Ал Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро әлемді әбігерге салып отырған мұнай бағасының һәм доллар бағамы тұрақсыздығының сырын ашатындай әңгіме айтты. «Бұған бірде-бір қайраткер, бірде-бір мемлекет тікелей әсер ете алмайды. Егер ОПЕК тарапынан сәтті стратегиялық қадам жасалса, мұнай бағасын көтеруге мүмкіндік туар еді. Соның нәтижесінде әлемдік экономикаға әл кіріп, тәуекел деңгейі төмендеуі мүмкін еді. Мұнайдың төңірегінде күрделі мәселелер көп», - дейді ол.

Экономика мен қаржы мәселесіне қатысты «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов бүгінгі Қазақстанның хал-ахуалына барлап, жаһандық жағдайға да сарап жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда ғаламдық экономикалық өрлеуге жетелейтін факторлар көп емес. Дегенмен, жаһандық экономика технологиялық тұрғыдан жетілуге бет алып отыр.

Тұтастай алғанда, Еуразиялық медиа форумда әлемдік проблемаларға қатысты сарапшылар саясаттың сорпасын сапырып, болжамдарын да батыл жасады. Таяу Шығыс мәселесі талқыланды, Сирия ісіндегі сандырлы үнқатысудың жоқтығына назар аударылды, содырлар сойқанын сынға алғандар болды.

Тағы бір мәжілісі «Ақыл-ой мен жан-дүние үшін күрес. ХХІ ғасырдағы ақпараттық қақтығыстың ерекшелігі. БАҚ-тың бейбітшілік орнату мен жанжал туғызудағы рөлі» тақырыбына арналды. Онда қазіргі таңда ақпарат құралдарының үлкен күшке айналып отырғаны, оның адамзат алдындағы жауапкершілігі жайлы сөз болды. Сарапшылар ақпараттық кеңістікте орын алып жатқан мәселелерге ден қойып, ақпарат ғасырындағы зиянды технологияларды талдады. БАҚ-тың терроризмге қарсы күрестегі рөліне баға беріліп, әлемдік жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өзара тайталасы сынға ілікті.

Үш күнгі жалғасқан форумды қорытындылаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, жоба авторы Дариға Назарбаева Еуразия медиа форумы жемісті диалог жүргізуде үлкен тәжірибе жинақтағанын атап өтті. «Менің ойымша, қазір әлемдегі қиын процестер өркениеттер арасындағы қақтығыс емес, керісінше, жаһандануға бейімделу процесінің әсері. Бейімделу - өте ұзаққа созылатын, драмаға толы процесс. Сондықтан, бүкіл адамзаттың өркениеті өзара үйлескен, өзара түсінікті және бейбіт жолға түсуі үшін бірнеше ұрпақ алмасуы керек шығар. Менің ойымша, оқшауланбай, өркениеттер арасындағы кедергіні жою керек. Ақпараттық коммуникация мен интернет адамның жақсы өмір іздеуіне мүмкіндік беріп тұрғанда ешбір ел оқшауланып өмір сүре алмайды»,-деді Д.Назарбаева. Форум келесі жылы да жалғасын табады.

Балалар футболды Бразилиядан үйренбейтін болды

Осы аптада Парламент Мәжілісінде Үкімет сағаты өтіп, онда дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланды. Жиында негізгі баяндамашы - Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлары туралы депутаттармен бөліскен еді.

Министрдің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 26 пайызына немесе 4,5 млн. адамның бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасалды. 33 мыңнан артық бұқаралық спорт шаралары өткізілсе, соның 18 мыңына жуығы ауылды жерлерде болды. Мемлекеттік қызметшілер арасында спорттан президенттік тест өтіп, оған да 4,5 млн. адам қатысқан.

«Бүгінгі күні мектептерде 38 мыңнан артық спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Оған барлық оқушылардың 28 пайыздан астамы қатысады. Бірақ ауыл мектептерінде спорт үйірмелерін ашу мүмкіндіктеріне әлі күнге қол жеткізе алмай отырмыз. Болашақта денешынықтыру пәнін аптасына үш сағатқа дейін көбейту мәселесі қарастырылуда», - деді министр.

Талқылау барысында депутаттар бұқаралық спорт пен балалар спортына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді қозғады. Мәселен, депутат Гүлнәр Ықсанова спорттың денсаулық сақтаудағы маңызына тоқталып, қазіргі жағдайға назар аударды. Оның айтуынша, қазір мектеп оқушыларының 75 пайызға жуығы гипединамиямен ауырады. Ал соңғы екі жылдағы тексерулер бойынша, әрбір бесінші оқушы әйтеуір бір науқасқа шалдыққаны анықталған. Сонымен қатар, әскерге шақырылған әрбір үшінші жастың денсаулығында кінәрат шығып отырған.

Депутат Нұртай Сабильянов ұлттық құраманың болашағы саналатын - балалар футболының даму деңгейіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, 2009 жылдан бастап Қазақстан Бразилиядағы футбол академиясына жасөспірімдерді оқуға жіберіп, оның шығыны үшін жылына 100 млн. доллар төлеп келген. «Бүгінге дейін 50 бала Бразилия академиясын бітірді. Бірақ солардан ешқандай жоғары нәтиже жоқ. «Бәйтерек» клубында ойнап жүргенін білеміз, ал ол команданың турнирдегі нәтижесі төмен. Былтыр осы балалардан Қазақстан жастар командасын құрып едік, Санкт-Петербургтегі жарыста олар ең соңында қалды. Осының себебі неде, бразилиялық шеберлердің алдынан өткен балаларымыз неге жаман ойнайды? Әлде ол жаққа жіберетін балаларды дұрыс іріктей алмай жатырмыз ба?» - деді депутат.

Өз кезегінде министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Бразилияда футболшы дайындау мәселесіне көңілі толмай жүргенін де жасырмады. «Бразилияда спорт мектептерінің сапасы біз ойлағандай болмай шықты. Олардағы оқу жүйесі мүлде басқа екен, балалардың ортасына допты лақтырады, оны қуалап балалардың өзі жетіледі. Онда нақтылы бағдарламамен жұмыс істеп, шеберлік мектебін жасамаған. Сондықтан, бізге Бразилиядан футбол үйрену пайдасыз болып шықты», деді министр. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Бразилияға балалар жіберуді тоқтату туралы мәселе күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар, ендігі күні Қазақстан балалары футболды арнайы бағдарламамен жүйелі түрде үйрететін Нидерланд пен Германия сияқты елдерге баруы мүмкін. Мұны министр де айтып қалды.