ЕУРО-2016: Алматыда футболдан Қазақстан - Түркия құрамалары арасында іріктеу ойыны басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаңа ғана 22:00-де Алматының Орталық стадионында 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қазақстан мен Түркия ұлттық құрама командалары арасында матч басталды.

Бас бапкер Юрий Красножан жаттықтыратын Қазақстан құрама командасы жасыл алаңға мынадай құрамда шықты. Яғни, қақпашы Стас Покатилов, ойыншылар Юрий Логвиненко, Ренат Абдулин, Сергей Малый, Дмитрий Шомко, Марк Гурман, Самат Смақов, Генрих Шмитгаль, Бауыржан Исламхан, Ұлан Қонысбаев және Сергей Хижниченко ел намысын қорғайтын болады.

Ал Түркия құрама командасы сапында жасыл алаңға Волкан Бабаджан, Семих Кайя, Хакан Балта, Сердар Азиз, Гокхан Гонюл, Озан Туфан, Хакан Чалханоглу, Сельчук Инан, Арда Туран, Мехмет Топал және Бурак Йылмаз шықты.

Бүгін сонымен қатар, Қазақстан құрамасы өнер көрсететін іріктеу турнирінің тобындағы Латвия құрамасы Голландия құрамасымен, ал Исландия құрамасы Чехияға қарсы өнер көрсетеді.

Айта кетелік, бұған дейін Қазақстан мен Түркия құрама командалары өзара бес рет кездескен екен. Барлығында да түріктер жеңіске жеткен. Жалпы доп айырмашылығы - 18-2.