АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында тоғызыншы ойын күні, 22 маусымда F тобында Португалия құрамасы плей-офф сатысына жолдама алды.
Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы Түркиямен бүгінгі ойында жинақы қимыл көрсетті. Алғашқы турда олар Чехияны 2:1 есебімен тізе бүктірсе, Түркия Грузиядан 3:0 есебімен басым түсті.
Екі құрама үшін плей-офф сатысына берілетін жолдама тағдырын ертерек шешіп қоюға маңызды еді. Ойынның бірінші кеезңінде португалиялық футболшылар екі гол соғып кетті.
Алдымен 21-минутта Бернарду Силва мергендік танытса, түркиялық Самет Акайдын 28-минутта өз қақпасына гол жіберіп алды.
Екінші кезеңде Криштиану Роналдудың берген пасын Бруну Фернандеш голға айналдырды.
Осылайша Португалия қарсыласынан 3:0 есебімен жеңіп, плей -офф сатысына жолдама алды.
Айта кетсек, бұдан бұрын аталған топтағы Грузия мен Чехия 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Енді 00.00-де E тобындағы Бельгия мен Румыния кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.