Euro-2025: Бүгін футболдан Қазақстан жастар құрамасы Шотландиямен кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы 2025 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында сырт алаңда Шотландиямен кездеседі.
Кездесу елорда уақытымен 23:50-де басталып, «Qazsport» сайтында тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазақстандық футболшылар В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Испания, Шотландия, Бельгия, Венгрия және Мальта құрамалары.
Қазірге дейін ел құрамасы төрт ойын өткізіп үлгерді. Оның ішінде Венгрияға 0:2, Бельгияға 0:1, Испанияға 0:4 есебімен жол берді. Ал Мальтаны 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Турнир кестесінде 5 ойыннан кейін Испания 13 ұпаймен көш басында тұрса, одан кейінгі орындағы Шотландия мен Бельгияның 10 ұпайы бар. Ал Венгрия 6 ойыннан кейін 7 ұпай жинаса, Қазақстан 3 ұпаймен 5-орында келеді. Көш соңында тұрған Мальта бірде-бір ұпай еншілеген жоқ.
Қазақстандық футболшылар аталған ойыннан кейін 26 наурызда өз алаңында Венгрияны қабылдайды.
2025 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық сатысы 12-29 маусым аралығында Словакияда өткізіледі.
Еске салсақ, бүгін футболдан Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы Қазақстан және Грекия арасында матч өтеді.
Ойын 21 наурыздан 22-не қараған түні сағат 00:35–те Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.