Еуродепутат Қазақстанмен ғарыш саласында ынтымақтастық орнатуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Сәрсенбі күні Еуропа астанасында «Орта дәліз және жаһандық қақпалар» тақырыбына арналған Берлин еуразиялық клубының (БЕК) 44-жылдық отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Отырыста Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысының жаңа жүйесін қалыптастырудағы Қазақстанның өсіп келе жатқан рөлі талқыланды.
Іс-шараға Қазақстан мен Еуропалық одақтың мемлекеттік органдарының өкілдері, бизнес қауымдастықтар, сарапшылар, ғылыми ұйымдар, логистикалық компаниялар және қаржы институттары қатысты.
Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов өз сөзінде Қазақстанның Еуропалық одақтың жеткізу тізбектеріндегі орны жылдан жылға нығайып келе жатқанын атап өтті.
— Бұл уақытша үрдіс емес, экономикалық әлеуетіміздің қарқынды өсуіне және құрлықаралық байланысты қамтамасыз ететін инфрақұрылымның дамуына негізделген ұзақмерзімді бағыт. Біз Еуропалық одақпен және Германиямен, әсіресе көлік пен логистика саласында серіктестікті нығайтып келеміз, — деді елші.
Қазақстанның ЕО жанындағы тұрақты өкілі Роман Василенко бұл шараның екіжақты қатынастар тарихындағы маңызды кезең — Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын алға тартты. Ол Еуропалық одақтың Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға 20 млрд еуро көлемінде қолдау көрсету ниетін айтып, ЕО институттарын Орта дәліздің «тар жерлерін» жоюға бағытталған жобаларды іс жүзінде жүзеге асыруға шақырды.
Германия экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс өз сөзінде Global Gateway бастамасы тек Қытай мен Еуропаны байланыстыру емес, сонымен бірге Орталық Азия, Кавказ және Еуропалық одақты заманауи, тұрақты көлік және цифрлық дәліздер арқылы біріктіру екенін айтты.
— Сауда дамығанда, инвестиция да келеді. Сенімді логистика тауарлардың нарыққа дер кезінде жеткізілуін қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде жаңа өндірістік тізбектер мен өнеркәсіптік әріптестіктердің қалыптасуына мүмкіндік береді. Ал жұмыс істемейтін көлік инфрақұрылымы жағдайында ең маңызды шикізат көздеріне қол жеткізудің өзі мәнін жоғалтады, — деді ол.
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов көлік саласының даму бағыттары бойынша баяндама жасады.
Пікірталас барысында неміс және еуропалық логистикалық компаниялардың Қазақстан аумағындағы қызметін кеңейту жоспарлары, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың түрлі бағыттары талқыланды.
Қатысушылар көлік инфрақұрылымын дамыту, бағыттарды әртараптандыру және экологиялық тұрақты шешімдерге көшу — Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестіктің басты бағыттарына айналып отырғанын атап өтті.
Берлин еуразиялық клубының отырысы Қазақстанның Шығыс пен Батысты байланыстыратын жаңа көлік жүйесінің маңызды бөлігіне айналғанын тағы бір мәрте көрсетті.
Іс-шараға Германиядан келген Еуропарламент депутаты Сергей Лагодинский де қатысты. Ол қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында Еуропалық одақ еуразиялық кеңістікті қайта аша бастағанын айтты.
— Геосаяси себептерге байланысты бізге Еуропада жаңа одақтастармен ынтымақ орнату қажет. Бұл ретте Қазақстан — аймақтағы ең маңызды әріптестердің бірі. Ол тек көлік дәлізі болғандықтан емес, өз алдына ықпалды держава болғандықтан да маңызды. ЕО-ның Қазақстанды Global Gateway сияқты бастамаларға тұрақты түрде тартуы — дұрыс шешім, — деді ол.
Сонымен қатар еуродепутат Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығының келешекте жасыл энергетика, цифрлық технологиялар және ғарыш саласын қамтуы мүмкін екенін атап өтті.
— Біріншіден, Қазақстанның климаттық әлеуеті зор, сондықтан жасыл энергетика бағыты тиімді болмақ. Екіншіден, цифрлық жобалар бойынша да серіктестік күшеюі мүмкін — біз Еуропада бұл бағытта заңнамалық және инвестициялық жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазақстанда да білікті жас мамандар көп, бұл ресурсты бірге пайдалануымыз қажет. Үшіншіден, біз ғарыш тақырыбын да көтеруіміз керек. Қазір ЕО-да ғарыш технологиялары жөніндегі заң дайындалып жатыр, бұл салаға инвестиция артып келеді. Мұнда Қазақстан тарихи тұрғыдан үлкен рөл атқара алады, — деді Лагодинский.
Бұған дейін Германиядан сайланған Еуропарламент депутаты Томаш Фройлих Kazinform агенттігінің тілшісіне сұхбат беріп, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестіктің маңызы, саяси реформалар мен елдің аймақтық рөлі туралы пікірін білдірді.