Еуроодақ кеңесінің президенті РФ Президенті Д.Медведевке көңіл айту жеделхатын жолдады
«Адам құрбандықтары орын алған «Домодедово» әуежайындағы лаңкестік әрекетті мен үзілді-кесілді айыптаймын. Бұл қылмыс мені қатты ашуландырып отыр, осынау әрекеттің сыртында тұрғандарды тауып, оларды жазалауға үндеймін. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамын», - делінген Еуроодақ басшысының хабарламасында.
Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштон ханым да Мәскеудегі лаңкестік әрекетті айыптап, қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. «Осынау жантүршігерлік шабуыл кезінде бейкүнә адамдар қаза болды. Еуроодақ лаңкестік әрекеттердің барлығын айыптайды және ресейліктерге көңіл айтады», - делінген еуропалық шенеуніктің мәлімдемесінде.
Естеріңізге сала кетейік, 24 қаңтар күні түстен кейін Мәскеудегі «Домодедово» әуежайында лаңкестік әрекет орын алып, оқиға салдарынан ондаған адам қаза тапты, жүздеген адам жараланды.