«Еуропада қазақ диаспорасының басын қосып, қымыз фестивалін өткізіп жүрген неміс» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 2 ақпан, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Еуразия ұлттық универ­ситетінде Білім және ғылым ми­нистрі Аслан Сәрінжіповтің қаты­суымен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2015» иегер­лерін марапаттау рәсімі өтті. Республикалық конкурста бес жылдан кем емес үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі бар қазақстандық жоғары оқу орындарының оқыту­шы­лары бақ сынаған. Сайыстың алғаш­қы кезеңі жоғары оқу орнында ірік­теу түрінде өтсе, ал екіншісі респуб­ликалық дәрежеде жалғасты.

Жеңімпаздарды Білім және ғылым министрлігі, сонымен қатар, жетекші ғалымдар мен мамандардан құралған комиссия анықтады.

Жеңімпаздарды анықтауда баса на­зар аударылған өлшемдер - оқу құ­рал­дары мен оқытудың инновация­лық технологияларын игеру, интерак­тивті режімде ашық сабақ жүргізу, студенттердің ғылыми-зерттеу және шы­ғармашылық жұмыстарына жетек­шілік ету, оқыту сапасын ұйымдастыру және тәрбие жұмыстары, академиялық, ғылыми дәреженің немесе атақтың болуы, ғылыми-зерттеулері мен жетістіктері, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау.

Жеңімпаздарға куәлік және 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мем­ле­кеттік грант төленеді.

«Жоғары оқу ор­нының үздік оқытушысы - 2015» грантын төлеуге Республикалық бюд­жет­тен 848 млн. 400 мың теңге қарас­ты­рыл­ғанын да айта кеткен артық болмас.

Сондай-ақ, грант иегерлері жыл бойы ғылыми-зерттеу тақырыбы мен оқу үдерісін ұйымдастыру мәселелері бойынша халықаралық, республикалық ғылыми конференциялардың, симпо­зиум­дардың, конгрестердің жұмыс­тарына қатыса алады.

Бұл грант Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2005 жылы тағайындалған болатын. 2015 жылы еліміздің 61 жоғары оқу орнынан 200 адам осы гранттың иегері атанды. Бұлардың 42 пайызын ғылым докторлары, 53,5 пайызын профессорлар, ал 4 пайызын PhD докторлары құрайды. Бұл материал көпшілік назарына «Жүзден жүйрік, мыңнан мықты» деген тақырыппен ұсынылып отыр.

Бас басылымда «Құрғақ қымыз» атты көлемді мақала жарияланды. Қасиетіңнен айналайын қымыздың арқасында исі қазақ­тың баласы ықылым заманнан им­мунитетін дін аман сақтап, бүгінгі күнге жетті.

Құдайға шүкір, ата-бабамыздан қалған сусынның осы бір саф асылы қазір де зор күшінде сұранысқа ие. Және қазір оның дәрулік қасиетін дүниежүзі танып, біліп отыр. Оған мысал керек пе? Мінекейіңіз!

«Алыстағы Алманияның Баден-Вюртембергінде Ганс Цольман деген неміс 400-ге тарта жылқы ұстап, бие сауып, қымыз ашытады екен. Қымыз болғанда, ақылы асқан осы немісің бие сүтін құрғатып, одан ұнтақ алуды ойлап тапқан... Қазір оның тасы өрге домалап, шаруасы шалқып тұр екен. Мұны Ғалымжан Мейрамбеков есімді қазақ өз көзімен көріпті. Бұл жігіт өзі Жаңаарқаның тумасы. Білім қуып Австрия, Германияда оқыған. «Алманияда бір неміс жыл сайын қазақ диаспорасының басын қосып, қымыз фестивалін өткізеді» дегенді естіп, арнайы барып танысқан ғой. Талапты қазақ пен тапқыр неміс тез тіл табысыпты...»,-деп жазады газет.

* * *

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен арадағы сұхбат жарияланды.

«Cоғыс - идеялар күресі» деген анық­таманы адамзат тарихы ғасырлар бойы қайталап келеді. Менің түсінігімде қазір соғыс идеялар күресі болудан кеткен. Қа­зіргі болып жатқан соғыс - мүдделер қақ­тығысынан шыққан қасіретті салдар. Олар­ға себеп болған ортақ тін - геосаяси мүдде. Ол әр кезеңде, әр өлкеде әртүрлі желеумен көрініс тауып отыр. Оның субъектілері - кей­де мемлекеттер, кейде ықпалды жеке тұлғалар болып келеді.

Енді Сириядағы жағдайды Таяу Шы­ғыстың жеке мәселесі емес деп санайтын тұ­жырымымызға келейік. Таяу Шығыс мем­лекеттерінің ғасырлар бойы Еуропаның отары болып келгенін дүниежүзі та­рихын мектеп қабырғасында ежіктеп оқы­ған ойлы оқырман жақсы білуге тиіс. Сол саясаттың салдары өткен ғасырдың өн бойында Таяу Шығысты азаматтық соғыс­тың, азаттық күресінің ордасы етті. Бірде қо­сылып, бірде ірге бөлісіп, сан салалы тағдырды бастан кешкен Таяу Шығыс ел­дері дербес мемлекеттерге айналып, ға­сыр соңын­да тыншыған жағдай орнағаны мә­лім. Бірақ ширығып алған саяси сананы ішкі тұрақтылыққа сына қағушы күштер жаңа арнамен жарып шығуға арандатты. Бұл жолғы мүдделер қақтығысына құрал болған лайықты форма - дін атын жамыл­ған радикалдану құбылысы еді. ДАИШ - осы бағыттағы үдерістердің ащы жеміс­те­рі­нің бірі»,-дейді Айнұр Әбдірәсілқызы. Дін тақырыбындағы мәселелерді егжей-тегжейлі қамтыған сұхбат «Дін мәселесіне құндылық тұрғыдан назар аудару қажет» деген тақырыппен берілген.

Осы газетте «Кодекс жобасы талқылауға шығарылады» атты мақала басылды.Жоғарғы соттың Қылмыстық істер бойын­ша сот алқасының төрағасы Абай Раxметуллиннің мәлімдеуінше, 2014 жыл­мен салыстырғанда, 2015 жылы сотқа түс­кен және қаралған істер 10,4 пайызға көп болған.

- Жаңа заңнамалық база сот қорғау са­ласын кеңейтуге мүмкіндік берді. 2014 жыл­мен салыстырғанда, 2015 жылы ақтал­ғандардың саны 55 пайызға артты. 2014 жылы ақталғандар саны - 478, 2015 жылы - 743 адамды құрады, - деді ол.
Сот алқасы төрағасының сөзінше, былтыр мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғандар саны 9 мың адамға жеткен. Ал 5520 адамның жауапкершілігі ауыр жазадан жеңіл жазаға ауыстырылған.

Ал Жоғарғы сот судьясы Бағ­лан Мақұлбековтың мәлімдеуінше, 20 жә­не одан да көп жыл судьялық еңбек өті­лі бар судьялар мерзімдік бағалаудан бо­са­тылады.

Сөз арасында Жоғарғы сот судьясы биыл­ғы жылдың маусымында судьялардың жаңа әдеп кодексі қабылданатынын жет­кізді.
- Ұлт жоспарының 20-қадамында су­дья­л­ардың жаңа әдеп кодексін қабылдау мә­селесі көтерілген. Бүгінгі таңда Кодек­стің жобасы дайын тұр. Судьялардың әдеп ко­дексінің жобасында ел Президенті, за­ман және қоғам тарапынан қойылатын талаптар ескерілген. Кодекс судьялардың мінез-құлқының Банголор қағидаттарына және үздік халықаралық тәжірибеге негізделген. Кодекс жобасы таяуда қоғам­дық талқылауға шығарылады, - деді ол.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Тілді толғаған тоғыз хат» деген мақала берілген.«Мемлекеттік тіліміз - қазақ тілі. Ана тілімізді осы дәрежеге жеткізу мәселесін сонау 20-жылдары көтерген ардақтыларымыздың бірі - Сәкен Сейфуллин.
Тіл мәселесіне байланысты жазған С.Сейфуллиннің тоғыз хаты бізге жеткен. Қуғын-сүргін кезінде көп еңбектері жойылған. Соған қарамастан Гүлбаһрам апай шамасы келгенше Сәкеннің біраз заттарын көзінің қарашығындай сақтап келген.

«Бұл оқиғаның шет-жағасын Тұрсын­бек Кәкішұлы өз көзімен көрге­нін ай­тып берген. 1937 жылы С.Сейфул­лин ұсталды деп естігенде Т.Кәкішұлы 5-сынып оқушысы екен. Сол кезде С.Сейфул­линнің көп кітабы жыртылып, отқа тастал­ғандығының куәгері болған. «Неге бұлай болды екен?» деген ой бала болса да осы кезеңде туындаған. Сәкенге деген алғашқы махаббаты да осы кезден басталса керек. Кейін С.Сейфуллиннің жұбайы Гүлбаһрам осы хаттарды сәкентану жолына түскен Т.Кәкішұлына берген. Алынған деректі хаттарды Т.Кәкішұлы зерттеп, жи­­нақ­­тап, мұражайға өткізген болатын. Біздің мақсатымыз - С.Сейфул­линнің осы еңбектерін насихаттап, халыққа жеткізу»,-деп жазады мақала авторы.