Еуропаны бағындырған жас каратеші: Жаттығудан шаршап шыққан – керемет сезім

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде тұратын Диас Костубаевтың киокушинкай-кан каратемен айналысып келе жатқанына 10 жыл болды. Осы уақыт ішінде ол Еуропа және Азия чемпионы атанып, Әлем чемпионатында екінші орын алған. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Диас әр күнінің неше сағатын жаттығуға арнайтынын, спорттың өміріне қандай пайда тигізгенін айтып берді.

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ.

- 2004 жылы Өскеменде тудым. Қаладағы №8 мектепті бітірген соң С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түстім. Биыл бірінші курсты аяқтадым.

- Каратэге қатысуыңызға не түрткі болды?

- Бір күні мектепке карате үйірмесінің бапкерлері келді. Бізді осы спорт түрімен таныстырып, жадынамалар таратты. Содан бірден қызушылығым оянып, үйге барған соң әке-шешеме каратеге қатысқым келетінін айттым.

Олар қарсылық танытпай, қолдау білдірді. Сөйтіп, 8 жасымда киокушинкай-кан карате үйірмесіне жазылдым.

Биыл осы спорт түрімен айналысып келе жатқаныма 10 жыл толды. Алғашқы бапкерім Әлия деген кісі болды. Ол кіші топты жаттықтырады. 11 жасқа толғаннан бергі бапкерім – Руслан Алшымбаев.

Каратеден бөлек, командалық спортты, атап айтқанда футбол мен волейболды ұнатамын. Бос уақытымда достарыммен аулада ойнап тұрамыз.

- Спортта жеткен жетістіктеріңіз қандай?

- Киокушин кай-кан карате бойынша Қазақстан Республикасының төрт дүркін чемпионы атандым. 2017 жылы Румынияның Бухарест қаласында өткен XVI Еуропа чемпионатында чемпион болдым. Бұл сайысқа 22 елдің «сен тұр мен атайын» деген спортшылары қатысты. 12-13 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 40 келіге дейінгі салмақта бақ сынастым.

Барлығы 3 кездесу өткіздім. Алғашқысында жарыс қожайынымен жекпе-жекке шықтым. Оңайға соқпады. Бірақ намысқа тырысып, қолымнан келгенше нық соққылар жұмсадым. Екінші қарсыласым ресейлік спортшы болды.

Жекпе-жек барысын бақылауда ұстап, жеңіп шықтым. Финалда тағы да Ресей Федерациясынан келген каратешімен кездестім. Негізгі уақытта екеуіміз тең түстік. Содан соң қосымша уақыт берілді. Барымды салып, жеңіс тұғырынан көріндім.

Сондай-ақ 2018 жылы Украинаның Одесса шаһарындағы Әлем чемпионатынан екінші орын бұйырды. Дәл осы жылы елордада болған Азия чемпионатында топ жардым. 2019 жылы Қытайдың Шанхай қаласындағы Азия чемпионатында да чемпион болдым.

Қазіргі белбеуім – жапсырмасы бар қоңыр түсті. Осыдан кейінгісі – қара түсті белбеу. Соңғы межені биыл бағындыруды жоспарлап отырмын.

- Күніне неше сағат дайындаласыз?

- Күн сайын таңертең кросс жүгіреміз. Кем дегенде 7 шақырымды жүгіріп өтуіміз керек. Кешке 2 сағат дайындаламыз. Ал жарысқа барар алдында күніне 2 рет, таңертең және кешке екі сағаттан дайындық жасаймыз.

Техникамызды шыңдап, ұрып-соғудың, тебудің түрлі амал-тәсілдерін меңгереміз, қайталаймыз, спаррингке шығамыз. Жаттығу соңында сүмек боп терлеп, қол-аяғың әбден талады. Бұл деген керемет сезім ғой.

- Қандай да бір диета ұстайсыз ба?

- Ерекше бір диета жоқ. Чипс пен кока кола, фастфуд секілді зиянды тағамдарды тұтынбаймын. Жарысқа барар алдында салмақ қуалаймыз. Сол кезде бапкер не же дейді, соны жейміз. Атап айтқанда, ботқа, қарақұмық, тауық сүбесі, түрлі салаттар.

- Каратэде үйренгеніңіздің күнделікті өмірде өз пайдасын тигізген кездері болды ма?

- «Ең жақсы төбелес - болмаған төбелес» дейді ғой. Кикілжің, ерегес туындап жатса сөзбен шешуге тырысамын. Ал егер одан нәтиже шықпаса, үйренгеніміздің көмегі тиеді. Ер жігіт жақындарын, бауыр-қарындастарын қорғай білуі керек қой.

Жалпы спорт деген адамға сенімділік сыйлайды. Спортпен айналысқан бала мінезді болып өседі. Яғни, өзі үшін жауап бере алады, әркез ойын қорықпай айтады.

Егер балаңызды қандай да бір спорт түріне берсеңіз, ол сол жерден бірінші кезекте тәрбие алып шығатынына сенімді болыңыз. Бапкерлер бізді спортқа баулып қана қоймай, өмірлік принциптерді үйретіп, жақсы қабілеттерді бойымызға сіңіреді.

- Бүгінде облыс бойынша балалардың каратеге деген қызығушылығы қалай?

- Қазір біздің топта 30-40 шақты бала жаттығып жүр. Басқа топтарда да адам өте көп. Ең аз дегенде – 20. Ал бұрын олай болмаған. 2012 жылы мен алғаш қатыса бастағанда бір топта тек 5-6 баладан еді.

Еліміздің басқа өңірлерінде де осындай жағдай екен. Соған қарағанда, Қазақстанда каратеге деген қызығушылық артып келе жатыр деуге болады.

- Әңгімеңізге көп рахмет!