Еуропаның үш еліне банкротқа ұшырау қаупі төніп тұр

НЬЮ-ЙОРК. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат – Басқалардан гөрі үш елге – Исландияға, Ирландияға және Австрияға дефолт қаупі төніп тұр, деп мәлімдеді Нью-Йорктегі баспасөз мәслихатында 2008 жылғы экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Пол Кругман.

Бұл туралы ҚазАқпарат Утро.ру агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.Өткен жылдың қазан айында Исландияның қаржы жүйесі жетекші банктер шетелдік қаржы институттарына қарызын өтей алмағандықтан елеулі рецессияға тап болды. Биылғы ақпан айында Ирландия да осындай қиыншылықтарға килікті. Кругманның пікірінше, Австрия бұрындары Шығыс Еуропа елдеріне несие беруді белсенді жүргізгені үшін қарыздарын беруге дәрменсіз болып қалды. Бұдан бұрын банкротқа ұшырайтын ықтимал елдер қатарында Исландия, содан кейін Мажарстан мен Латвия аталған болатын. Ал басқа сарапшылардың пікірінше, Аргентина, Эквадор, Филиппин, Малайзия, Таиланд, Колумбия және Украина сияқты елдердің жағдайы да онша емес. 2008 жылғы қазанда Пәкістан да дефолт жағдайында деген ақпарат түсті. Кругман халықаралық қаржы институттарын нығайту Халықаралық валюта қорының несиелері есебінен бұл елдерді ұстап тұруға көмектеседі деп пайымдайды. Ресей мен Бразилияның шикізат экономикасын бағалай келіп, Кругман шикізат бағасының құлдырауы көптеген экономистердің күткеніндей аса қауіпті болмады, мұнай экспорттайтын бұл екі ел басқару делбесінен айырылған жоқ деп атап өтті. Байқаушылардың атап көрсетуінше, мұнай нарығының құлдырауы таяу арада тоқталады, сөйтіп шикізаттық экономиканы тұрақтандырады, тіпті бірқатар өсім де беруі мүмкін. Сөйтіп, бұл сектордың жұтауына әлі көп уақыт бар.