Қазақстан құрамасы үшін матч сәтті басталған жоқ. 56 секундтағы Фернанду Мейраның голы жанкүйерлерді абдыратып тастаған еді. Алаң иелері үшін «қызыл жұлдыздар» оңай шағылатын жаңғақ емес екенін Луиш Мигельдің 4 минуттағы голы да дәлелдеп берді. Бірақ, жауап өзін көп күттірген жоқ. 4 минуттың соңындағы Андрей Финонченконың голы жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Текетірес арасында Нуну Манишенің екі бірдей соққысы штангадан қайтты. Алайда 7 минутта Жозе Домингеш мүлт кетпей, есепті 3:1-ге жеткізді.
Португалия құрамасының қарқыны үдей түсті. 13 минуттағы Нуну Асичтің дөп соққысы қазақстандықтардың қақпасына дәл кірді. Команда капитаны Нуну Манишенің голы есеп айырмасын төртке дейін жеткізген. Бұдан кейін қонақтардың тағы екі голымен бірінші тайм 7:1 есебімен аяқталды.
Екінші таймның алғашқы кезеңі португалиялықтар алаңында өрбігенімен, Луиш Мигель 22 минутта тағы көзге түсті. Десе де, Қазақстан құрамасына тағы да гол салу бағы бұйырған екен. Айып алаңынан тепкен Мұрат Тілешевтің (25 минут), артынша команда Андрей Карповичтің (26 минут), Максим Савченконың (27 минут) добы көңілдері марғау тарта бастаған жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады.
29 минутта ереже бұзғаны үшін Манише сары карточка алып қалды. Бұдан кейін қос тараптан Педру Мендеш пен Андрей Карпович өзара гол алмасты. Есеп 32-минутта қарсыластардың пайдасына 5:9-ға жетті. Нуну Асич есеп айырымын екі есеге жеткізгенімен, Қазақстан қоржынына алтыншы голды тағы да Андрей Карпович әкелді.
Бұдан кейінгі ойынды осы турнирдегі ең тартысты кезеңі деп айтуға болады. Қазақстаннан Андрей Финонченконың пенальтиден соққан және португалдықтардан Нуну Манишенің голымен матч қарсыластардың пайдасына 7:13 есебімен аяталды.
Әлем құрамасынан аз ғана айырыммен жеңілгенін ескерсек, португалиялықтар бұл турнирге, шынында да, мықты құраммен келгенін айтуға болады. Еске сала кетсек, Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионында «EXPO 2017 Football Cup» турнирінің шешуші кезеңі өтіп жатыр. Бұдан бұрын бесінші орын үшін Италия мен Германия ойнап, италиялық ардагер футболшылар жеңіске жеткен болатын. Турнирдің финалында құрамында Креспо, Стойчков сынды әлемнің атақты ардагерлері бар Әлем құрамасы Ресей футболшыларымен кездеседі.