Ежелгі Жібек жолы қайта түледі - Х. Дауров (ФОТО)

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Президент Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін құру идеясын қолдау үшін жасаған ұсынысы негізінде «Қытай - Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шай мәдениеті» достық және ынтымақтастық керуені құрылды»,- деді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында «Ұлы Жібек жолы» халықаралық академиясы» ҚҚ президенті, «Қазақстанның дүнген қауымдастығы» этномәдени бірлестігін басқарушы Хусей Дауров.

Еске сала кетейік, 6 қазанда Тараздағы Төрткүл керуен сарайында қытайлық Сиань қаласынан Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау қарсаңында шығып, бір жылдай Ұлы Жібек жолы бойымен жүрген экспедицияны қарсы алды.

Керуен Шэньси провинциясында өсірілетін фуца емдік шайын әкелді.

«7 мың шақырым жүріп өткен достық пен ынтымақтастық керуені Ұлы Жібек жолында үлкен маңызға ие болған көне Тараз қаласына келді», - деді Х. Дауров. - Жүздеген жылдар бойы Жібек Жолы қызметін тоқтатты. Көптеген керуен-сарайлар жоғалды. Жаңа Жібек жолының жандану уақыты келді.

Х. Дауров керуенді Қазақстанның барлық жерінде ыстық ықыласпен қарсы алғанын айтты: «Керуенді қарсы алуға көп адам келді. Өз тарихы бар Төрткүл керуен-сарайын жандандыруға қала әкімдігі мол үлес қосты. Көне Тараз қаласы түлеуде. Қазақ хандығының 550 жылдығы жастар арасында өзінің ежелгі тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып жатыр», - деп атап өтті Қазақстанның дүнген қауымдастығы этномәдени бірлестігінің жетекшісі.

Еске сала кетейік, қашықтығы 7 мың шақырымнан асатын саяхатты ұйымдастыруға Қазақстанның дүнген қауымдастығы мен қытайлық «И-Зе Фуца» компаниясы (Сиань) ниет танытты.

Тараздың батыс бөлігінде орналасқан Төрткүл керуен-сарайын 2008 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары қазды. 80 шаршы метр аумақта қонақ үйлер, моншалар және Ұлы Жібек жолының керуен-сарайларын қамтыған барлық инфрақұрылымы бар ежелгі керуен-сарайдың қалдықтары табылды.

2010 жылы жүргізілген қалыпқа келтіру жұмыстарына қазынадан 97 млн. теңге бөлінді - 5 метрлік қабырғалар көтерілді, ішкі интерьер жаңадан құрастырылды.