Фариза қыз да болса, ер азаматтың жүгін көтерген «бүгінгі заманның Махамбеті»

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ әдебиеті тағы да орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Ұлттық поэзиямызда өзіндік дара дауысымен ерте танылған дара таланттардың бірі, нәзік те шыншыл, өршіл лирикаларымен бірден-ақ өлеңсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген Фариза Оңғарсынова 75 жасқа қараған шағында өмірден озды. Фариза Оңғарсынқызы еліміз тәуелсіздіктің туын көтеріп, мемлекет болған тұста да тек әдеби шығармашылығымен ғана емес жас мемлекеттің құндылықтарын қалыптастырып, оның тұрақты қуат алуына да белсене араласып, халық жүрегінде мәңгі орын алған еді.

Ол бірнеше рет Парламентке депутат болып сайланып, еліміздің өркениет талаптарына сай заңдық, құқықтық кеңістігін қалыптастыруға жанашырлықпен, біліктілікпен, ұлтжандылықпен үлес қосты. Депутат ретінде балалар құқы, білім, мәдениет, денсаулық сақтау жүйесін реформалау, елдегі демографиялық ахуал, шет елдегі отандастардың оралуы жөніндегі заңдардың қабылдануына бастамашы болды.

Елі алдында осындай ерен еңбегі бар Фариза апамыздың 70 жылдық мерейтойына орай 2009 жылдың қарашасында елордада баспасөз мәслихаты өткен болатын. Шараға қатысқан қарымды қаламгер Әкім Тарази, көрнекті әдебиет­танушы ғалым, жазушы марқұм Рымғали Нұрғали Фариза Оңғарсынова жайында сыр бөліскен еді. Мәселен, Ә.Тарази Фариза апамызбен алғаш танысқан сәтін тарқата айтып берген-ді. «Әдебиетке жаңа келген кезім еді. Бірде оның 7-8 өлеңі «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. Есімі бейтаныс, бұрын жырларын оқып көрмеппін. Жалпы мен сезу қабілетім жаман емес, жалған ақындардың тамырын дөп басатын әдетім бар. Дегенмен оның өлең жолдары жүрегімді тебірентіп жіберді. Бір мәрте оқығаннан кейін зор таңданыспен қайта оқып шықтым. Оның жырларынан Махамбеттің рухы есіп тұрғандай болды. Өлең жолдарында Махамбет өлеңдерінің екпіні, Махамбет өлеңдерінде ғана кездесетін, лирикамен қатар жүретін ашу-ыза екпіні бар. Сәл кейінірек жас ақын қыздың Махамбет Өтемісұлы өмір сүрген өлкеден, Атыраудан екендігі анықталды. Өлеңдеріне тағы бір мәрте көз жүгіртіп өткеннен кейін газетті бүктеп, төс қалтама салып алдым. Өйткені, дәл сол кезеңде Мәскеуге ұшып кетуім керек болатын. Ұшаққа кіріп, орныма жайғаса бергенімде қасыма Қалтай Мұхамеджанов келіп жайғасты. Екеуіміз әңгіме-дүкен құрып отырған кезде: «Қалтай, мен бүгін өзім жаңа бір ақынның есімін аштым», - дедім. Осыдан кейін жолсерігіме газетті көрсетпек ниетпен қолымды төс қалтама апара беріп едім, Қалтай тосыннан кеуде тұсыма жетіп қалған қолымды басып, екінші қолын өз қалтасына жүгіртті. Қалтасынан газетті алған ол: «Сен мынаны айтпақ болдың ба?» - деді маған. «Иә», - дедім мен. Екеуіміз де осыдан кейін күлкіге ерік бердік. Демек, Фаризаның шығармашылығымен әуе кеңістігінде танысуым да кездейсоқтық емес сияқты. Ол өзінің таза талантының арқасында зор биікке көтерілді», - деп тебіренген қаламгердің сөзі есте.

Ал ақынның поэзиясына өзінің тәнті екендігін жеткізген академик Рымғали Нұрғалиев: «Қазақтың соғысты көрген Тахауи Ахтанов деген қаламгері болды. Кейде өте дәл айтатын. Мәселен, Бауыржан Момышұлы дүниеден өткенде «мына стандартты заманда стандартқа сыймаған адам» деген-ді. Ал Фариза - қыз да болса, ер азаматтың жүгін көтерген «бүгінгі заманның Махамбеті» дегендей пікір білдірген-ді», - деді.

Фариза Оңғарсынованың поэзиясында адами қарым-қатынастар мен махаббатқа адалдық, ұлы достық пен даналық ойлар қамтылған. Ақынның жырларынан қазіргі заманның шынайы бет-бейнесін көру де қиын емес. Оның өмірбаяны да өз өлеңдерімен өрнектеліп, шығармашылығы - қазіргі қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алғандығы анық. Оны халық ақынының 1961 жылы жазылған «Ақын» деген өлеңі да дәлелдей түсетіндей:

Ақынның нәзік жүрегі

самалдан тоңар гүл еді.

Халқының махаббатымен

ақсұңқар құстай түледі,

ел ғана - тұғыр, тірегі.

Әділет үшін жан салып,

алдында тұрсын қанша алып -

шындыққа жетпей тынбайды,

қияметтерге қарсы ағып,

баурайды сонда бал шабыт.

Сұлулық пенен пәктіктен

рақат күткен, бақ күткен,

шығып кеткенше ақтық дем,

арпалысып өтер қасқайып

күңкілмен, бұқпа сақтықпен.

Аялап туған ел, жерін,

өнерін, тілін, ерлерін

қастерлер елдің туындай.

Аяла халқым, суынбай

Бұқардың мұрагерлерін!

Сөз соңында тіл ұшына ақын Маралтай Ыбыраевтың «Қазанама» деген өлеңінің «Ащы ғой ақын тағдыры, тәттісін Тәңір қимайды, «Адамдар сыяр табытқа ақындар бірақ сыймайды!» - деген соңғы шумағы оралды. Аяулы апамыздың иманы саламат болып, жан нұры пейіште шалқысын, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

ҚазАқпарат анықтамасы: Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған. Алғашқы өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1958 жылы жарық көрді. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрген. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмалары, «Үйім менің - Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамаларының авторы. Көптеген шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. Чили ақыны Пабло Неруданың «Жүректің төрт мезгілі» кітабын, орыс ақыны А.А.Блоктың «Нәпсі», «Куликов даласы», «Он екі жыл өткен соң», «Кармен», «Қарлы перде» өлең топтамаларын, сондай-ақ, Р.Ф.Казакованың, Е.А.Евтушенконың, араб ақыны Әбдірахман әл-Хамисидің жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған. 1984 жылы «Үйім - менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлеңдері топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», Парасат (2001) ордендерімен марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстанның Халық жазушысы.