Даулы аймақтың географиялық ерекшелігі
Ферғана атырабы – Орталық Азиядағы халық ең тығыз орналасқан егіншілік өңір. Ол Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттерінің түйіскен жерінде орналасқан және осы үш елдің этникалық топтарының тыныс-тіршілік аймағы саналады. Бұған қоса, соңғы 30 жыл бойы Ферғана өңірдегі көршілер арасындағы көптеген аумақтық даудың ошағына айналып отыр.
Атырапты әлемдегі ең биік таулардың бірі қоршап жатыр. Оның табиғи шекарасы бірнеше тау жотасымен айқындалады: солтүстік-батысында Шатқал, Құрама, солтүстік-шығысында Ферғана, ал оңтүстік-шығысында Түркістан мен Алай тау жоталары орналасқан. Олар біріге келе атырап төңірегіндегі өзіндік тәж тәріздес әрі әр бөлікті бір-бірінен бөліп тұрады.
Фото: Open.kg
Орталық Азияның осынау шөлейтті аумағында Ферғана шұрайлы өңір ретінде ерекшеленіп тұрады. Атырапта бастауын Қырғызстаннан алатын Нарын және Қарадария өзендері бар. Дәл осы екі өзен Ферғананың өзбектерге тиесілі жағында бір-біріне қосылып, Орталық Азиядағы екінші ұзын өзенге – Сырдарияға айналады. Сырдария Тәжікстанның аумағы арқылы оңтүстік-батысқа қарай ағып, Қазақстан аумағы арқылы Арал теңізіне барып құяды. Таулар мен орталық қуаң жазықтық арасында, тау бөктерлерінде атыраптағы негізгі қалалық орталықтар орналасқан.
Фото: Open.kg
Ферғана атырабының шекарамаңы дауын шешуге 8 анклавтың, яғни аумағын басқа мемлекет қоршап тұрған 8 бөліктің болуы күрделендіріп тұр. Оның алтауы Қырғызстан аумағында (төртеуі өзбектің Шахимардан, Чон-Гара, Джангайл, Сох және екеуі тәжіктің Ворух пен Кайрагач аймағы) екеуі Өзбекстан аумағында (қырғыздың Барак және тәжіктің Сарвак аймағы) орналасқан.
Фото: Настоящее время
Шекарамаңы жанжалдарының себебі
Үш мемлекеттің, атап айтқанда Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның Ферғана атырабындағы шешілмей келе жатқан шекара проблемасы аталған елдер тәуелсіздік алған сонау 1991 жылдан бері жалғасып отыр. Тіпті, уақ-уақ өңіраралық ынтымақтастықты да шиеленістіріп жіберетіні бар.
Кеңес заманында 1920 жылдары сызылған Орталық Азия картасының негізінде, географиялық және этникалық ерекшеліктері ескерілмей жүргізілген шекара өңір мемлекеттерін дау-дамайға ұрындырып қойды. Өйткені, аталған үш мемлекет тәуелсіздік алғаннан кейін ондаған елді мекен өзге елдің қарамағанда, шекараның ту сыртында қалып қойды.
Кеңес үкіметі тұсында ұзақ жылдар бойы аталған өңірдегі бейбітшілік ресурстарды бөлу туралы келісімнің арқасында сақталып келді. Алайда, Кеңес одағы күйрегеннен кейін бұл келісім күшін жойған болатын. Осылайша, ортаазиялық мемлекеттер табиғи ресурстарды бөлуде проблемаға ұрынып, соның аясында аумақтық жандалдар мен алауыздық ушыға түсті. Жаңа тәуелсіз мемлекеттер өздерінің ұлттық мүдделерін алға тартты. Ферғана атырабындағы жер мен су ресурстарын, табиғи қазба байлықты бірлесе пайдалану шекара сызығында тұратын тұрғындар арасында көптеген жанжалға себеп болды.
Ішкі шекараны бөлу қалай жүрді?
Орталық Азия республикаларының ішінде Қазақстан көршілес мемлекеттермен құрлықтағы ішкі шекарасын делимитациялау мәселесін дер уақытында шешіп, оларды заңды түрде рәсімдеу процесін толығымен аяқтады. Соның арқасында шекарамаңы дауларымен байланысты қандай да бір проблемаға ұрынған емес.
Сондай-ақ, Қазақстан Өзбекстанмен 2002 жылғы қыркүйекте, Қырғызстанмен 2001 жылғы желтоқсанда және Түрікменстанмен 2001 жылғы шілдеде келісімге қол қойылған күннен бастап аумақтық мәселені реттеп алды. 2017 жылдың қараша айында Самарқандта, Орталық Азия мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы шекаралардың түйіскен жері туралы шартқа қол қойылды. Оған дейін Қазақстан билігі Қытаймен және Қырғызстанмен (1999 жыл), Қырғызстанмен және Өзбекстанмен (2001 жыл) шекаралардың түйісуі туралы осындай келісімдерге қол қойған болатын.
Түрікменстан 2000 жылдың қыркүйегінде Өзбекстанмен жеке учаскелерді демаркациялау туралы алғашқы келісімге қол қойды. Алайда, аталған шартқа жалпы шекараның ондаған даулы аумағы енгізілген жоқ. 2017 жылы Ашхабад пен Ташкент түрікмен-өзбек мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі келіссөздер процесін қайта бастады. Мемлекетаралық шекараны делимитациялау және демаркациялау мәселелері жөніндегі бірлескен өзбек-түрікмен үкіметаралық комиссиясының жұмыс топтарының кездесулері тұрақты негізде жалғасуда.
Тәжік-өзбек шекара учаскесі төңірегіндегі ұзаққа созылған мүліктік және аумақтық дау Шавкат Мирзиёев Өзбекстан президенті болып сайланғаннан кейін мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелерін демаркациялау туралы тиісті келісімге қол қоюдың нәтижесінде 2018 жылы ғана оң шешілген болатын. Екі елдің билігі Фархад су электр стансасы мен бөгеттің орналасқан жері Тәжікстанға жатады, ал су электр стансасының өзі Өзбекстанның меншігі ретінде танылады деген өзара тиімді шешімге келді.
Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы ұзақ жылға созылған шекара дауына қатысты келіссөздер анклавтардың айналасындағы шешілмеген шекара учаскелеріне қатысты кейбір жағдайда адам шығын болған қақтығыстардан кейін 2016 жылдан бастап қана ілгерілей бастады. Шавкат Мирзиёев Президентт лауазымына кіріскен алғашқы жылда тараптар шекараның 85 пайызына дейін, ал 2019 жылы тағы 10 пайызына дейін белгілеуе қол жеткізе алды. 2022 жылдың қарашасында Қырғызстан мен Өзбекстан шекарамаңындағы даулы мәселелерге нүкте қойып, мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелері туралы тарихи шартты рәсімдеді. Сонымен қатар, оның алдында Кемпір-Абад (Әндіжан) су қоймасының су ресурстарын бірлесіп басқару туралы келісімге қол қойылған еді. 2023 жылдың қаңтарында екі мемлекет басшылары ратификациялық грамоталармен алмасып, қырғыз-өзбек шекарасын делимитациялау процесін аяқтады.
Ал Қырғызстанның Тәжікстанмен шекарасына қатысты келіссөздер әлдеқайда баяу жүріп жатыр. Дегенмен, осы елдердің басшылығы соңғы қарулы қақтығыстарды ескере отырып, процесті жеделдету қажеттілігін түсінеді және мойындайды да.
2023 жылғы қаңтарда Мемлекет басшылары Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмон шамамен 625 шақырым шекара бойы сызығын қаттауға мүмкіндік берген жобалық сипаттамаға жол ашқан екіжақты келіссөздердегі прогресті атап өткен еді. Ал бұл екі елдің шектес шекарасының 63 пайызын құрайды. Сонымен қатар олар барлық мәселені тек саяси және дипломатиялық жолдармен шешу қажеттілігін атап өтіп отыр. Екі саясаткер де мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында келіссөздер процесін жандандыруды жақтайды.
Тараптар неге ортақ ымыраға келе алмай отыр?
Профессор, тарих ғылымдарының докторы, Қырғыз Республикасы Жоғарғы кеңесінің бұрынғы спикері Зайнидин Құрмановтың айтуынша, Ферғана Орталық Азияның ең құнарлы және суы мол суармалы бөлігі саналады. Ал қуаң аймақта судың болуы өңірдің құндылығын арттыра түседі. Сондықтан суару мәселесіне байланысты жағдай күрделеніп отыр.
Сарапшы Орталық Азиядағы аумақтық дау мәселесі өте ұзақ уақыт бойы күрделі әрі драмалық жағдайда шешілетінін айтады. Профессор Орталық Азия аймағындағы бауырлас халықтар арасындағы шекара бұлыңғыр, аморфты болғанын атап өтеді.
«Ол заманда аумақ бойынша шарттар, шекаралық келісімдер жасасу, шекаралық бағаналар орнату тәжірибесі болған жоқ. 1924 жылы Кеңес өкіметі ұсынған Орта Азия халықтарының ұлттық-мемлекеттік бөлінісінің еуропалық моделі нәтижесінде Өзбек КСР, Қазақ АКСР, РСФСР құрамындағы Қырғыз автономиялық облысы, Өзбек КСР құрамындағы тәжік АКСР және Түрікмен КСР құрылды. Орталық Азия республикаларының мәртебесі бірдей болмады. Кейбіреулері жағдайының басқаларына қарағанда артықшылығы болды. 1926 жылы Ұлттық межелеуді өткізгеннен кейін шекараларға қатысты жаңадан құрылған әкімшілік аумақтардың өзара талаптары басталды. Олар кетпен соғысына ұласты. Шекарамаңы тұрғындары көршілерімен қарулы қақтығыстар арқылы жер мен су құқығын қорғауға мәжбүр болды. Мұндай жайт өзбектер мен қырғыздарда және тәжіктер мен қырғыздарда орын алды. Жер сумен қамтамасыз етілмеген кезде су ресурстарына байланысты даулар үнемі болып тұрды. Көптеген сұрақ туындап, ол жасанды түрде шешілді. Қақтығыстар тоқтатылғанымен, түбегейлі шешілген жоқ», - деді тарихшы.
Жалпы, мүдделі тараптарда Ферғана атырабындағы күрделі шекарамаңы мәселесін шешуге қатысты ортақ ымыра табуға деген саяси ерік-жігердің болуы, дипломатиялық деңгейде келіссөздердің жандануы таяу уақытта даудың өз шешімін табады деген үмітті оятады. Мұның үстіне Ферғанада шекарамаңы жанжалының толықтай шешілуі Орталық Азия елдерінің жалпы қауіпсіздігін нығайту, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту үшін айрықша маңызға ие.