«Балбалдардың кейбіріне жойылу қаупі төніп тұр. Құртылып, сынықтары шашылып жатқан бірнеше балбалды алғаш интернеттен көрген болатынмын. Интернетті ақтарып жүріп сондай үш балбалды тауып алдым. Біреуі ғана бүтін екен. Оның жанында басы жұлынған екі балбал жатты.
Жолы қиын болғандықтан көп адам бұл жерді біле бермейді. Меркі көне ғибадатхана ретінде тіркелгендіктен мемлекеттік ескерткіш болып есептеледі. Бұл жерде ғалымдар қазба жұмыстарын жүргізген сияқты. Кейін аяқталмай қалғандай. Мұнда алғаш рет былтыр болғанмын. «Петроглиф іздеушілер» ұйымының жетекшісі Ольга Гумирова Астанаға барып, шатқалды қорғау мәселесін Мәжіліс қабырғасында көтерді. Енді Алматыға барып, осы мәселенмен айналысамын», - дейді фотожурналист.
Оның айтуынша, балбалдарды кім қиратқаны, қашан қиратқаны белгісіз.
«Біреулер балбалдарды қазып алып, мұражайға қою керек дейді. Бірақ балбалдың орны – табиғат. Ал жапан түзде олардың әрбіріне күзетші бекітіп қою тағы мүмкін емес. Жыл сайын санақ жасап, қадағалап, картасын жасау ең оңтайлы жолы шығар. Айына бір рет барып, бақылап отыруға қаражат керек. Бірақ ескерткіш оған тұрарлық. Туристік орын ретінде дамытудың реті келмейтін сияқты. Өйткен тұмса табиғат адам аяғы тиместен сақталса, дұрыс еді», - дейді Сергей Алексеенок.
Қазақ Географиялық қоғамының сайтындағы мәліметке сүйенсек, Меркі қорығындағы балбалдар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген. Археологтар Мерке ғибадатханасын біздің заманымыздың VI ғасырына жатқызады. Ол кезде бірыңғай түркі қағанатының орталығы болған. Византия елшілері ежелгі Таразда Естеми қағанның ордасы болғанын, ал тауда діни рәсім өткізетін орындар болғанын жазып қалдырған.
Фото: Сергей Алексеенок