«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Жол құрылысы қорытындыланды» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалада кеше Көлік және коммуникация министрлігінде өткен автокөлік жолдары кәсіпорындарының 2010 жылғы жұмыс қорытындылары баяндалған. «Елімізде өткен жылы автокөлік жолы мен республикалық маңызы бар жолдарды салу үрдісі қарқынды болды. Бір ғана «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолын мысалға алсақ жеткілікті. Өйткені автокөлік жолын салу барысында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, сонымен қатар өзге де мүмкіндіктер аясын кеңейткені белгілі. Осы орайда министр Әбілғазы Құсайынов көлік секторына бөлінген қаражат мөлшерінің 219 миллиард теңгеден асқандығын атап өтті. Бұл көлік және коммуникация саласын қаржыландыру көлемінің 2001 жылмен салыстырғанда 8 есеге артқандығын білдіреді», - делінген мақалада.
Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Дәненовтен алынған сұхбат басылды. Тақырыбы - «Француздар қазақтарды тани түсті». Сұхбатында Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйіне тоқталған Елші: «Францияда Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқанына біздің Президенттің Францияға сапары уақытында көзіміз жетті. Яғни, 27 қазан күні Париж қаласындағы Гиме атындағы белгілі Азия өнер музейінде екі елдің мәдениет министрлері Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Фредерик Миттеранның қатысуымен қазақстандық көрменің ашылу салтанаты болды. Француздарға және Париж қонақтарына алғаш рет көшпелілердің ежелгі және ортағасырлық мәдениетін баяндайтын бай археологиялық және этнографиялық жәдігерлердің коллекциялары ұсынылды. Министр Ф.Миттеран өзінің сөйлеген сөзінде ежелгі көшпелілердің өркениеттері деңгейлерінің жоғары екендігі жөнінде экспонаттар куәлендіретінін мәлімдей келе, аталған көрменің ерекшелігін атап көрсетті»-, деген.
***
«Айқынның» сейсенбілік нөмірінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әділ Ахметовтен алынған сұхбат «Ең қиыны - консенсусқа қол жеткізіп, шешім қабылдау», деген тақырыппен жарияланды.«Төрағалық тізгінін әйтеуір біреуге беру керек болғандықтан, бере салды» деген қате ұғым. 2007 жылы Мадридте ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде төрағалықты Қазақстанға ұсынатын болып шешкен. Оған дейін ұйым басшылығынан дәмелі елдер тіпті батыс мемлекеттері арасында да көп болды. Бірақ Қазақстанның әлеуетін жан-жақты електен өткізіп, таразыға салып, өлшеп барып, шешім қабылданды», - дейді С. Ахметов.
Сенатордың пікірінше, бұл ретте ,3h0fnfh факторлар шешуші рөл атқарды. Ең алдымен мемлекеттің жер аумағының көлемі, халқының сауаттылығы мен білімділігі, жер қойнауындағы байлығы, экономикасы мен ауылшаруашылығы, металлургиясы, энергетикалық әлеуеті есепке алынды. Тіпті қазақтың рухани мәдениетінің тереңдігі де ескерілді. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ не көрмеді?! Кеңес одағында Сталин заманында депортацияға ұшыраған жұрттың барлығы Қазақстанды паналады емес пе?! Сол кезде қазақтар барымен бөлісе білді. Бұл қазақтың ескіден келе жатқан рухани мәдениетінің тереңдігін паш етті. Содан кейін Қазақстанның геосаяси әлемдегі орны маңызды. Еліміз - Азия мен Еуропаның дәл ортасында орналасқан алтын көпір. Яғни батыс пен шығысты жақындастыруға әлеуеті жетеді.
Сондай-ақ «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Қосшысы үшін басшысы жауап беруге дайын ба?» деген мақала басылды. Мақалада: «Парламенттің төменгі палатасы «Қосшысы парамен ұсталса, басшысы қызметінен қуылады» деген талапты жемқорлықты ауыздықтауға бағытталған жаңа заң жобасына енгізу туралы мәселені күн тәртібіне шығарды. Депутаттарды мұндай қадамға мәжбүрлеген жайт, мемлекеттік қызметкерлердің қысқартылуы болса керек. Олар мұндай жаппай қысқартулардың соңы, елдегі жемқорлық деңгейінің өсуіне әкеп соғуы ықтимал деп алаңдайды», делінген. Осы орайда бірқатар елге танымал азаматтардың пікірлері жарияланған. Мәселен, Мәжіліс депутаты Тито Сыздықовтың пайымдауынша, алдын ала конкурс жариялаған министрліктер резервтерін де белгілеп алады. Түпкі нәтижесінде өз адамдарын жұмысқа қабылдайды. Тіпті кейбір министрліктерде сынақ мерзімі деген шартпен алдын ала қызметке қабылдау үрдісі тыйылмай отыр. Егер, заң жобасы жоғарғы палатаның қолдауына ие болса, әділетсіздікке орын беріліп, жемқорлықтың біз танып білмеген жаңа сатысына жол ашылады.
«Меніңше, «қол астындағы қызметкерлердің жемқорлығына Бірінші басшы жауап береді» деген талапты заңдастыруға біздің қоғам дайын емес. Егер оны бекітіп жіберсек, Қазақстанда әр апта сайын бір министрді, әр үш ай сайын Премьер-министрді ауыстыруға мәжбүр боламыз. Егер заң жобасы күшіне енер болса, сонау Шымкенттегі мектеп директорының жемқорлығына Білім және ғылым министрі жауап бере ме? Жоқ. Өйткені өркениет заңы бойынша, заң алдында қара да, хан да бірдей. Осыдан бес-алты жыл бұрын Германия канцлері аяқ астынан отставкаға кетуге өтініш берді. Кейін белгілі болғанындай, үкімет құрамындағы министрліктердің бірінің жауапты хатшысы жемқорлыққа жол беріп алған. Ал бізде қол астындағы қызметкерлерінің біліксіздігін мойнымен көтеретін басшылар бар деп ойлайсыз ба? Әй, қайдам. Сондықтан «депутаттарға көтере алмайтын шоқпарды белге байламаңыздар» дегім келеді», - дейді саясаттанушы Дос Көшім.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі нөмірінде «Шығыстың экологиялық ахуалын шындап қолға алатын кез жетті», деген тақырыппен мақала жариялады. «Шығыс Қазақстан облысының экологиялық ахуалының нашарлығы жөнінен еліміз бойынша «көш бастап» тұр. Полигон сынақтарының алаңына айналып, 40 жыл қырғын көрген, даласы ғана емес, баласы да уға тұншыққан, небір ауыр азап тартса да, әлі күнге лайықты жәрдем көре алмай жоғарыға жалтақтаған Семейің - анау. Күннен-күнге ауасы тарылып, зауытымен қоса, халыққа тигізер залалы қатар артқан Өскеменің - анау. Суы су емес, жылдан-жылға уға айналып бара жатқан есіл Ертіс, Байқоңырдан ұшқан Ресей зымырандарының протон жарықшақтарынан бейбіт күнде берекесі кеткен Күршім халқы...» дейді мақала авторы. Еліміздің шығыс аймағындағы экологиялық мәселелерді сөз еткен мақала авторы Өскеменге «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің арнайы келгендігін, сөйтіп аймақтың экологиялық проблемасымен танысқанны жазады.
Сондай-ақ «Алаш айнасы» басылымында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановадан алдынған сұхбат Қандай да бір дағдарысқа еліміздің әрбір саласы төтеп беруі тиіс деп ойлаймын» деген тақырыппен басылды. «Қазір мені толғандырып отырған дүние отандық өнім саласына қатысты. Қазірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық өнім өндірушілерді қолдау қажеттігін, күні ертең дүниежүзілік нарықта еліміздің атақ-абыройын асқақтататын өз бренді болуы керектігін жиі еске салады. Осыған қарай біз де отандық өнім өндірудің салмағын, сапасын арттыруға қатысты бірқатар іс атқарып келеміз. Бұл ретте бізге әсересе технологиялық тұрғыда тегеурінді болу керек», деген сұхбатында министр.