Француздың атақты ғалымы Қазақстан мәдениеті туралы кітап жазып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Француздың атақты ғалымы Реми Хесс қазақстан мәдениеті жайында кітап жазуда. Бұл туралы аталған ғалымның «Философияның таңдаулы 20 кітабы» оқулығын аударған Айымжан Рыскиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«100 жаңа оқулық қазақ жастарын кемел білімге жетелеумен қатар әлемдегі әйгілі ғалымдарға Қазақстан деген ғажайып әлемді ашты. Біз аударған кітаптың авторы Реми Хесс қазақша оқулықтың алғысөзін өзі жазып берді. Ол сөзінде былай дейді: «Өзге мәдениетке бойлап, оны ана тілінде сөйлету ерекше күрделі процесс. Осыған дейін менің еңбектерім 12 тілге аударылды. Мен үшін қазақ тілі тағы бір жаңа мәдениетке жол ашқан қақпаға айналып отыр» деді. Астанада өткен арнайы конференцияға алғашқы  18 кітаптың авторларының бірі ретінде Реми Хесс те қатысқан еді. Біз өзіміз аударған кітаптың авторымен сұхбаттасып, ой бөлісуге мүмкіндік алсақ, ол Қазақстанды көріп аң-таң болды. Оны еліне барғаннан кейін бізге жазған хатында ашық айтты», - деді А. Рыскиева бүгін «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген кітаптардың таныстырылымында.

Осы ретте А.Рыскиева өзімен бірге алып келген сол хаттан жиналғандарға үзінді оқып берді.

«Бұған дейін Қазақстан туралы білетінім  аз еді. Сондықтан келер кезде қобалжығаным рас. Алайда Астананы алғаш көргенімде және сіздердің  елдеріңізде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жастармен сұхбаттасқанда мұнда мәдени революцияның қазанында қайнап жатқан гиперзаманауи халыққа тап болғанымды түсіндім. Бұл сапарым мен үшін айтулы тарихи сәт болды. Осы бірге өзгеше сезім мені кенеттен жасартып жібергендей» деп жазды ғалым. Астананың бүгінгі тамаша келбеті, жас ғалымдардың оның кітабын  қазақ тіліне тікелей аударылып жатқандығы, жалпы қазақ жастарының білімі, жалпы елімізде жүріп жатқан рухани жаңғыру француз әріптесімізді ерекше таңқалдырды. Оның біздің елге сүйсінгендігі, тәнті болғандығы  соншалық Қазақстанның заманауи мәдениеті мен Ұлы Абай хақында кітап жазуға бел буды. Тіпті сол Астанада жүрген кезінде-ақ 20 бетін жазып, бізге қалдырды», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, француз ғалымы қазақ тілінде жарық көретін өз кітабын оқу арқылы қазақ тілін үйренуге бел буып отырғандығын айтқан.