Кездесу барысында «Фуд Мастер» компаниясының директоры Арман Алдабергенов Lactalis тобы әлемдегі ең ірі сүт компаниясы екендігін жеткізді.
Lactalis (Франция) тобының жылдық тауар айналымы 16 млрд еуро.
Есік қаласындағы зауыт тәулігіне 150 тонна сүт өнімін өңдейді. Соңғы үш айда құны 1 593 млн теңге болатын 7724 тонна сүт өнімі өңдеуден өткен.
Сондай-ақ, зауытқа шикізат Алматы облысындағы сүт-тауар фермасынан жеткізіледі. Фермада 570 асыл тұқымды сиырдан жылына 3000 тонна сүт сауылады.
Инвестициялық бағдарлама аясында компания зауыттарына 9 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған. Оның 5 млрд-ы соңғы 3 жылда игерілді.
Компания Алматы облысындағы Есік зауытына 2,7 млрд теңге көлемінде қаржы құйған. Междуреченское ауылындағы сүт фермасын дамытуға 500 млн теңге бағытталды.
Арман Алдабергеновтың айтуынша, «ФудМастер» тауар белгісі қазір Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан мен Ресейге 47 тауар түрін экспорттайды.
«Павлодарда орналасқан зауыт өнімдерін Ресейге эспорттаймыз. Қазір курстың өзгеруіне байланысты жағдай қиындады, әрине. Шекарада орналасқан сүт өндірушілердің барлығы жапа шекті. Солтүстік пен батыста сауда көлемі 30-35 пайызға түсіп кетті. Сарапшылардың айтуынша, Ресей сүт өнімдерінің жеткізушілері біздің нарықтан кетуі керек. Бұл бізге жақсы мүмкіндік болар еді», - деді компанияның бас директоры.
Өз кезегінде облыс әкімі қалыптасқан ахуалдың қиындығына қарамастан зауыттың болашағы жарқын екендігін жеткізді.
«Зауытқа шикізат жеткізу үшін мал азығын өздері дайындау керек. Ол үшін жер керек. Зауыт басшылығымен сөйлесе келе оларға жайылымдық жер тауып беруді шештік. Компанияның өзі ирригациялық желілерді салады. Артезиан құдықтарын қалыпқа келтіреді. Енді зауытта жүгері, соя өсіріп, малды қоректендіретін болады. Сөйтіп, сүттің сапасы бұрынғыдан да арта түспек», - деді А.Баталов.