Футбол: Африкадағы әлем чемпионатында қазылық жасайтындардың тізіміне қазақстандық төрешілер енбеді

АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Халықаралық футбол федерациясы 2010 жылдың жаз мезгілінде Оңтүстік Африка Республикасында өтетін әлем чемпионатында қазылық жасайтын төрешілер бригадасының тізімін жариялады.

Қара құрлық төріндегі әлемдік додада 28 елдің реферилері қазылық етпек. Алайда, бұл тізімде бірде-бір қазақстандық төреші жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Аламан» спорт сайтына сілтеме жасап.

Сайттың мәліметінше, есесіне бұл тізімге Өзбекстан мен Қырғызстан елінің төрешілері еніп отыр. Жалпы Африка құрлығында тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырған әлімдік доп додасына бас-аяғы 28 елден 90 төреші және олардың ассистенттері қазылық жасайтын болады. Оның 30-ы УЕФА-ның, 18-і Оңтүстік Американың, 12-сі КОНКАКАФ аймағының, 12-сі Азияның, 12-сі Африканың, 6-уы Мұхит аймағының өкілдері.