ОРАЛ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Анталия қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Оралдың «Ақжайығы» құрамында шетелдік жас ойыншылар бағын сынап көруде.
«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, Беларусь жастар құрамасының мүшесі, 22 жасар қорғаушы Сергей Кондратьев командамен бірге жаттығуда. 2008 жылы футболдағы өз жолын Минскінің «Динамосында» бастаған ол бір жылдан кейін алаңға шықты. 2010 жылы «Динамо» құрамында алты ойын өткізіп, Еуропа Лигасының іріктеу сындарына да қатысты. 2006 жылдан бері Беларусь елінің жасөспірім, жастар құрамасында доп теуіп келеді.
Қырғызстанның 2010 жылғы үздік ойыншысы, қорғаушы Азамат Байматов та бақ сынауда. Жас ойыншы бұған дейін «Дордой» (Қырғызстан), «Вентспилс» (Рига, Латвия), «Прикарпатье» (Ивано-Франковск, Украина) командаларының намысын қорғаған. Сондай-ақ болгариялық Георги Нетов «Ақжайық» құрамына кіруден үмітті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).