ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының соңғы ойынын 1 қараша күні Оралдың «Ақжайығы» Теміртаудың «Болатымен» өткізеді.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жергілікті сағат 14.00-де басталатын кездесу соңында лотерея ойналады. Басты жүлде - автомобиль мен Египетке екі адамға туристік жолдама.
Қазіргі кезде біріншіліктегі соңғы әрі басты матчқа дайындалып жатқан батысқазақстандықтар 24 қазан, яғни бүгін өтетін турға қатыспайды. Бұл күні екінші орындағы «Болат» өз алаңында төртінші сатыда келе жатқан Өскеменнің «Востогын» қабылдайды. Ал үшінші орындағы Петропавлдың «Қызылжары» Астанада «Бәйтерекпен» кездеседі.
Айта кетейік, «Ақжайық» соңғы турда жеңсе болды, басқа ойындардың нәтижесіне қарамастан, бірінші лига жеңімпазы атанып, премьер-лигаға берілер жолдаманы иеленеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).