ОРАЛ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымға дайындықты бастады.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз хатшысы Арсен Ғұбашевтің хабарлағанындай, команда басшылығы ойыншылар мен жаттықтырушылар, қызметкерлер алдындағы барлық берешектерінен 15 желтоқсанға дейін құтылды. Қазіргі кезде ойыншылар өз стадионында жаттығуға кірісті. Командаға қосалқы құрамда жүрген жас футболшыларды тарту мақсатында олар сынақтан өтуде.
Қаңтар айының 6-ларынан бастап «Ақжайық» Анталия қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Батысқазақстандық команда әзірге камерундық «қара бала» Саджо Хаманмен биылғы 1 желтоқсаннан келесі жылғы 30 қарашаға дейін келісім-шарт жасасты. Басқа ойыншы-бапкерлерден кімнің қалатыны немесе жаңадан келетіні алдағы маусымға клуб бюджеті бекітілгеннен кейін белгілі болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).