ОРАЛ. 27 мамыр. ҚазАқпарат - 26 мамыр күні премьер-лига командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті турында «Ақжайық» Ақтөбеде жергілікті командамен күш сынасты.
Астанада «астаналықтар» өз алаңында ойламаған жерден шымкенттік «Ордабасыдан» ұтылып қалғаннан кейін (жеңіс голын соққан Мансур Гуйе) жанкүйерлер назары Ақтөбеге ауды. Бірінші таймда ақтөбеліктерден кезінде мәскеулік «Спартактың» сапында доп тепкен Сергей Ковальчук есеп ашса, ойынның екінші кезеңінде алаңға шыққан Сергей Гридин өз мүмкіндігін құр жіберген жоқ. Ол 82-минутта «Ақтөбе» құрамындағы алғашқы голын енгізіп, есепті 2:0-ге жеткізді. Батысқазақстандықтар тым болмаса тең нәтижеге қол жеткізуге тырысқанымен, қақпа алдындағы қарбалас сәттерді пайдалана алмады.
Осы турдан кейін 30 ұпай жинаған «Ақтөбе» екінші орындағы «Астанадан» (26 ұпай) ұзай түсті.
Бұрынғыша 11-орында келе жатқан «Ақжайық» 30 мамыр күні өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдайды. Қостанайлықтар бұл турда Таразда «тараздықтардан» 0:1 есебімен ұтылып жатып, ойын соңына таман екі доп соғып, жеңіп кетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).