Футбол: «Еуро-2012» іріктеу турнирінің «А» тобындағы елдердің өкілдері кездеседі

АСТАНА. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Германияның Франкфурт қаласындағы Неміс футбол одағының штаб пәтерінде 2012 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің «А» тобында сынға түсетін елдердің футбол федерациялары өкілдерінің кездесуі өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, кеңестің мақсаты - іріктеу турнирінде «А» тобында ойнайтын командалар арасында өтетін матчтардың күнтізбесін жасап, бекіту. Бұл кездесуге Қазақстан футбол федерациясының Бас директоры Саян Хамитжанов, Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Бернд Шторк және бас жаттықтырушының ассистенті Григорий Бабаян қатысады. Айта кетейік, «А» тобында Еуропа чемпионатына берілетін жолдаманы Қазақстан, Германия, Түркия, Бельгия, Австрия және Әзірбайжан құрамалары сарапқа салатын болады.