Футбол: Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы міндетін атқарушы тағайындалды

АСТАНА. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы міндетін атқарушы болып Илья Меланчин тағайындалды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, футболшы ретінде қазақстандық түрлі клубтарда үлкен тәжірибе жинақтаған 32 жастағы маман соңғы жылдары Өскеменнің «Восток» клубының жүйесінде жұмыс жасаған, ал қазіргі таңда аталмыш клубтың қосалқы құрамын жаттықтырады. «Қазанның 26-сы мен 31-і аралығында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы 2009/2010 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысады. Бірінші топтағы матчтар Бакуде өтеді. Элиталы кезеңге берілетін жолдаманы қазақстандық жасөспірімдер Әзірбайжан, Англия және Сербия құрамаларымен сарапқа салады», делінген федерацияның хабарламасында.

Жарыс күнтізбесіне сәйкес, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы қазанның 26-сында Англиямен, қазанның 28-інде Сербиямен, ал қазанның 31-інде Әзірбайжанмен кездеседі.

Тағы да бір тағайындау жайында. Футболдан 19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысының ассистенті болып танымал қазақстандық футболшы әрі жаттықтырушы Нүркен Мазбаев тағайындалды. Айта кетейік, 37 жастағы Мазбаев бірінші лигадағы Тараздың ОСШИОСД клубының бас жаттықтырушысы болып табылады.