Футбол: Қостанайда ардагерлер арасында халықаралық турнир өтті

АЛМАТЫ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Қостанайда 12-13 қаңтар күндері шағын футболдан ардагерлер арасында «Тобыл» футбол клубының жанкүйері Гиви Хелаяны еске түсіруге арналған 7-ші халықаралық турнир өтті.

Клубтың ғаламтордағы сайтындағы хабарламаға қарағанда, бұл жарыс бастапқы кезде Г.Хелаяның бастамасымен ұйымдастырылған. Кейінгі 3 жылдан бері бұл бәсеке команда жанкүйерінің өзін еске түсіруге арналуда.

Топтық сайыста «А» тобында 1-2 орын алған Екатеринбург мен Рудный командалары турнирдің өткен жылғы жеңімпазы атанған Қорған футболшыларынан басым түсті. Ал «В» тобында Қостанай мен Көкшетау ардагерлері, Челябинскіден келген құрдастарын қапы қалдырды. Жартылай финалда екатеринбургтік аяқдопшылар көкшетаулықтардан, қостанайлықтар рудныйліктерден шеберлігін асырып, ақтық финалда кездесті. Аса тартысты өткен кездесудің негізгі уақыты 6:6 боп аяқталып, жеңімпаз пенальти арқылы анықталды. Бұл сында алаң қожайындары бір доп айырмашылығымен жеңіске жетті. Ал үшінші орын үшін болған сайыста көкшетаулықтар рудныйлық құрдастарынан 11:6 есебімен басым түсті.