Футбол: Оралдың «Ақжайығы» «Атырауды» ірі есеппен жеңгенімен, бірінші топқа түсіп қалды

ОРАЛ. 3 қараша. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионатының соңғы турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Атырауды» қабылдады.

«Ақжайықтың» бапкері Любомир Петрович команда құрамына бірқатар өзгеріс жасап, босниялық Недо Турковичтің орнына Николай Забродинді, Ізім Сәрсекеновтің орнына Еркін Тапаловты шығарды. Бұл көп ұзамай-ақ өз жемісін берді. 9-минутта қонақтар қақпасы алдындағы қарбалас сәтте Н.Забродин өз мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Екінші таймда «Ақжайықтың» капитаны Евгений Коструб «атыраулық» ойыншыдан допты тартып алып, Еркін Тапаловқа дәл пас берді. Қақпашымен бетпе-бет келген жас футболшы премьер-лигадағы алғашқы добын соқты. Кездесудің екінші кезеңінде Павел Черниді алмастырған Недо Туркович есепті 3:0-ге жеткізді. Бірақ «Ақжайықтың» бұл жеңісі қуаныш сыйлаған жоқ. «Восток» Таразда жергілікті клубпен тең ойнап, 20 ұпай жинаса, «Жетісу» өз алаңында «Тобылды» 1:0 есебімен ұтып, тоғызыншы орынға көтерілді. Сөйтіп 19 ұпай жинаған «Ақжайық» премьер-лигамен қош айтысты. 11-орынды иеленген өскемендіктер келесі жылы премьер-лигада өнер көрсету үшін Семейдің «Спартагымен» қосымша матчта күш сынасады.