Футбол: Оралдың «Ақжайығы» қорытынды сынақ кездесуін «Уфа» командасымен өткізеді

ОРАЛ. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Анталия қаласында белорус маманы Владимир Гольмактың басшылығымен жаңа маусымға дайындалып жатқан Оралдың «Ақжайығы» 24 қаңтар күні Ресейдің ұлттық футбол лигасында өнер көрсететін «Уфа» командасымен шеберлік байқасады.

«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, осы матчпен оралдықтардың Түркиядағы алғашқы оқу-жаттығу жиыны аяқталмақ. Бұған дейін мәскеулік «Спартактың» қосалқы құрамымен күш сынасқан «Ақжайық» 1:4 есебімен жол берді. Мұнда 89-минутта оралдықтардан Михаил Любимкин мергендік танытты. Содан кейін «Ақжайық» мәскеулік «Динамоның» қосалқы құрамынан да 0:2 есебімен жеңіліс тапты. Бұл ойында мәскеуліктер бұрыштамадан берілген допты сәтті пайдаланды әрі пенальтиден мүлт кетпеді. Керісінше оралдықтардан камерундық легионер Саджо Хаман екі мәрте қақпашымен жекпе-жек шығып, гол соға алмады.