ОРАЛ. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Анталия қаласында екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Оралдың «Ақжайығы» құрамында легионерлер Филипп Аресниджевич, Даниэль Майкич, Иван Пеха және Игорь Зенькович сыннан өтуде.
«Ақжайық» футбол клубынан хабарлағанындай, Филипп Аресниджевич пен Даниэль Майкич өткен жылы қарағандылық «Шахтердің» намысын қорғады. Филипп аталмыш команда құрамында он жеті матчта алаңға шығып, бір гол соққан. Даниэль алты-ақ ойын өткізді.
Біраз жерде доп теуіп үлгерген словакиялық қорғаушы Иван Пеханың соңғы клубы - Гродно қаласының (Беларусь) «Неманы». Мұнда ол 26 кездесуде алаңға шыққан.
И.Зенькович есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Өткен жылы «Ақжайық» сапында ойнап, ел біріншілігінде 10 доппен мергендер көшінде үшінші орынды иеленген болатын.
Оралдықтар бүгін грузиялық клуб «Динамомен» (Батуми) екінші жиындағы алғашқы спарринг-кездесуін өткізеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).