Футбол: Сербияның жасөспірімдер құрамасы ҚР Президентінің кубогын жеңіп алды

АСТАНА. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Сербияның жасөспірімдер құрамасы кеше Астанада аяқталған футболдан жасөспірімдер арасында ҚР Президентінің кубогы үшін турнирдің жеңімпазы атанды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олар финалда Ресейдің «Зенит» (Санкт-Петербор) командасын 7:0 есебімен жеңді. Тағы бір ресейлік клуб «ЦСКА» (Мәскеу) жарыстың қола жүлдегері атанды. Олар үшінші орын үшін болған матчта Қазақстанның «Цесна» (Астана) командасын матч соңындағы пенальтиден 8:7 есебімен ұтты. Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Қалған орындарды Түркияның «Галатасарай», Өзбекстанның «Бунёдкор» (Ташкент), Әзірбайжанның «Бакы», Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр Автономиялық Республикасының командасы иеленді.

Айта кетейік, жарысты Қазақстан Футбол федерациясы мен «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырды. Биыл бұл турнирге 1994 жылдан кейін туылған жасөспірім футболшылар қатысты. Турнирде жеңімпаз атанған команда - 10 мың, екінші орын алған команда - 6 мың, үшінші орын алған команда - 3 мың АҚШ долларын алды. Бұл турнир осымен үшінші мәрте ұйымдастырылды. Алғашқы екеуі 2008 және 2009 жылдары Алматыда өтті. Бірінші турнирде Түркияның «Бешикташ» командасы, ал екіншісінде Бразилияның «Оле Бразил Клаб» клубы кубокты жеңіп алды.