Бірінші таймда батысқазақстандықтар ширағырақ қимылдағанымен, гол соғатын бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмады. Ойынның екінші кезеңі қостанайлықтардың айқын басымдылығымен өтті. Алдымен Орал футболының түлегі, «Тобылдың» капитаны Нұрбол Жұмасқалиев «Ақжайықтың» қақпасын дәл көздеді. Бұдан кейін қонақтар сапында Эльдар Абдрахманов екінші ескерту алып, алаңнан қуылды. Сонда да олар қорғанысты ұмытып, алға ұмтылып бақты. Осындай сәттерде «Тобыл» ойыншылары бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Қосымша минуттарда «Ақжайық» сапындағы чехиялық қорғаушы Якуб Хлебоун алаң иелерінің қақпасын баспен дәл көздей алмаса, іле-шала қарымта шабуылда Нұрбол Жұмасқалиев осы ойындағы екінші добын соқты. Сөйтіп «Ақжайықты» мүлдем қиын жағдайда қалдырды.
2 қараша күні өтетін соңғы турда 16 ұпайы бар «Ақжайық» өз алаңында «Атырауды» қабылдайды. Өз алаңында «Востокпен» тең ойнаған «Жетісу» Талдықорғанда «Тобылмен» күш сынасады. Бұл екі команданың да 19-дан ұпайлары бар. «Восток» сырт алаңда «Таразбен» кездеседі. Осы ойындар қай команданың премьер-лигамен қоштасатынын анықтайды.