Оған құрметті қонақ ретінде УЕФА президенті Мишель Платини келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, бұл «Алтын доптың» үш дүркін иегерінің біздің елге үшінші және еуропалық футболдың басшысы дәрежесіндегі екінші сапары болмақ. «2008 жылдың шілде айында Мишель Платини Астанада сапармен болды, оның аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Бұдан бөлек, УЕФА президенті Қазақстандағы футболды дамыту бағдарламасының жобасымен танысты, елорданың спорттық нысандарында болды. Ол нысандардың қатарында сол кезде салынып жатқан 30 мың орындық «Астана-Арена» стадионы да болды. Енді УЕФА президенті 2009 жылғы Қазақстан кубогының финалдық матчын қабылдайтын стадионға тағы да келеді. Еуропа футбол одағы президентімен сапары кезінде УЕФА-ның вице-президенті Мариос Лефкаритис және УЕФА-ның ұлттық қауымдастығы бөлімшесінің директоры Теодор Теодоридис еріп жүреді», делінген Қазақстан футбол федерациясының хабарламасында.