Футболдан бірінші лигада «Ақжайық» пен «Елімай» командалары тең тарқасты
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының алғашқы турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Семейдің «Елімай» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: Айбатыр Нұраш
Белді ойыншылармен жасақталған қос клуб та премьер-лигаға шығуды мақсат етіп қойған-ды. Сондықтан олардың бірінші лиганың фавориттері саналуы заңды еді.
Бірінші таймда командалар алма-кезек шабуылдағанымен, есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңде 65-минутта «Ақжайықтың» Қазақстан кубогі үшін 4 ойынында 13 гол соғып, сұрмерген атанған Арман Смаилов есеп ашты. Алайда іле-шала, 68-минутта қонақтардан Берік Айтбаев таразы басын теңестіріп кетті – 1:1. Бұдан кейін де матч тартысты өрбігенімен, есеп өзгерген жоқ. Тіпті ойын соңында «Елімайдың» бір футболшысы алаңнан қуылса да, Игорь Прохницкий жаттықтыратын оралдықтар бұл мүмкіндікті пайдалана алмады.
Сондай-ақ бұл күні тағы бір бәсекеде «Академия Оңтүстік» өз алаңында астаналық «Жеңіске» есе жіберді – 1:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігі басталатынын жазған едік.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).