НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 23 сәуірде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде Алматының «Қайраты» сырт алаңда «Атыраудан» жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атыраулық клуб бұған дейін небәрі екі ұпаймен турнир кестесінде көш соңында келе жатқан болатын. Ал «Қайрат» үздік үшікте тұрған еді. Алты турдан кейін үш жеңіс, үш тең нәтижеге қанағат білдірген олар, 12 ұпайды еншіледі.
Бүгінгі кездесуде 47-минутта атыраулық Жасұлан Қайыркенов соққан жалғыз гол алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Атыраулық клуб қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Біріншілік барысында «Атырау» алғашқы жеңісіне қол жеткізсе, «Қайрат» тұңғыш рет қарсыласына есе жіберді.
Турнир кестесінде «Қайрат» 12 ұпаймен үздік үштіктен төртінші орынға төмен түсті. «Астана» олардан бес ұпайға ұзап кетті.
Бұған дейін екі ойынның нәтижесі белгілі болды. Турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Тараз» сырт алаңда Ақтаудың «Каспий» клубына 0:1 есебімен есе жіберді. Елордалық «Астана» дәл осы есеппен Қарағандының «Шахтерін» тізе бүктірді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.