Футболдан Премьер-Лига командалары арасында ел чемпионатының 1-ші тур ойындары өтті

АЛМАТЫ. Наурыздың 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше еліміздің 4 қаласында футболдан Қазақстан чемпионатының 1-ші тур ойындары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Хольгер Фах жаттықтыратын астаналық «Локомотив» өз алаңында алматының «Қайратымен» ұпай бөлісті (0:0). Былтыр 1-ші лигада өнер көрсетіп, Премьер-Лигаға биыл қайта оралған Сергей Волгиннің тәлімгерлері ел чемпионатының күміс жүлдегерімен терезесі тең ойын көрсетті. Ал Премьер-Лигада биыл алғаш рет өнер көрсеткен Андрей Чернышев баптайтын оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Талғат Байсуфиновтан тәлім алған Павлодардың «Ертісінен» (1:4) ойсырай ұтылды. Былтыр 4-ші орынға табан тіреген қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда тараздықтардан 1:0 есебімен басым түсті. Жаңа маусымға дайындық кезінде Анатолий Юрьевичтің жаттықтыруымен жастар құрамасымен болған жолдастық кездесуде (3:1) мерейі үстем шыққан шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында көкшетаудың «Оқжетпесімен» 1:1 есебімен тең түсті. Ал ауа райының қолайсыздығына байланысты «Ақтөбе» мен «Атырау», «Жетісу» мен «Шахтер» командаларының арасындағы кездесулер кейінге шегерілді. Енді 2-ші турдың ойындары наурыздың 28-інде болады. Ол «Атырау" мен "Тобыл", "Шахтер" мен "Ақтөбе", "Ертіс" пен "Ордабасы", "Оқжетпес" пен "Локомотив", "Қайрат" пен "Жетісу", "Тараз" бен "Ақжайық" арасында өтеді.