Г.Марченко: Қазақстан мен Қытайдың арасындағы қаржы ынтымақтастығының келешегі кемел - «Синьхуа»

БЕЙЖІҢ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Қытайдың арасындағы қаржы ынтымақтастығының келешегі кемел.

Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко сәуірдің 3-інде «Синьхуа» ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті. Г.Марченко атап өткендей, Қазақстан мен Қытайдың банктері мен басқа да қаржы мекемелері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және оған жағдай жасау мақсатында аталмыш саладағы нормативтік-құқықтық базаны нығайту, сондай-ақ қаржы және экономика саласында тәжірибе, ақпарат алмасуды ынталандыру үшін 2004 жылы Ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-қытай комитетінің аясында Қазақстанның Ұлттық банкі мен Қытай Ұлттық банкінің бастамашылығымен Қаржы ынтымақтастығы жөніндегі қазақстан-қытай кіші комитеті құрылған болатын. Кіші комитеттің жыл сайынғы мәжілістерінде бас қосатын Қазақстан мен Қытайдың орталық және коммерциялық банктерінің, түрлі министрліктері мен ведомстволарының, қаржылық ұйымдары мен компанияларының өкілдері екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, оларды шешудің жолдарын талқылайды, сондай-ақ екі елдің қаржылық топтары арасында өзара және перспективалық ынтымақтастықтың бағыт-бағдарларын анықтайды. Кіші комитеттің екінші отырысының қорытындысы бойынша, банк қызметін қадағалау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында 2004 жылы желтоқсанның 14-інде Бейжіңде Банк секторы саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Оған қоса, шекаралас аудандарда қазақстан-қытай сауда қарым-қатынастарын кеңейту және дамыту мақсатында Қазақстанның Ұлттық банкі мен Қытайдың Халық банкі арасында Шекаралас аудандардағы сауда-саттықтардағы банкаралық есептесулер туралы меморандумға қол қойылды, одан кейін 2006 жылы маусымның 11-інде Алматыда өткен Кіші комитеттің 3-ші отырысының қорытындысы бойынша нақты шекаралас аудандарды, қос тараптан тауарлар мен қызмет көрсетулер бойынша сәйкес есептесулер жасалатын өткізу бекеттерін анықтайтын қосымша хаттамаға қол қойылды. Қазақстанның кедендік статистика мәліметтеріне сәйкес, 2008 жылы Қазақстан мен Қытайдың сыртқы сауда айналымы 2007 жылмен салыстырғанда, анағұрлым артып отыр. Қытай сауда көлемі жағынан Қазақстанның үшінші сауда серіктесі. Қазақстан Ұлттық банкі мен Қытай Ұлттық банкі ынтымақтастығының ең кемел бағыттарының бірі төлемдік балансты қалыптастыру, макроэкономикалық статистика, валюталық реттеу мен қаржы тұрақтылығы шараларын әзірлеу мәселелері бойынша ақпарат және тәжірибе алмасу болып табылады, деп атап көрсетті Г.Марченко өз сөзінде. Қазақстанның ішіндегі экономикалық ахуалға келетін болсақ, 2007 жылдың тамызында басталған ликвидтілік дағдарысы дамушы нарықтардың көпшілігінде, оның ішінде Қазақстанда да, сырттан несие алу мүмкіндігін жапты, деді Г.Марченко. Сырттан несие алу мүмкіндігін жоғалтқан қазақстандық банктер 2008 жылы жаңа несиелер беруді тоқтатты. Банк несиесіне тәуелді салалардың дамуы іс жүзінде тоқтап қалды. Дегенмен ағымдағы ахуал Қазақстанға тек теріс салдарлар ғана әкеліп отырған жоқ, жаңа мүмкіндіктер де беріп отыр. Ол - аграрлық сектор мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын шикізаттық емес экспорттың базасы ретінде дамыту мүмкіндігі. Оған қоса, дағдарыс отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттіктеріне және қазақстандықтардың тұрмыстарына теріс әсер етіп отырған қордаланып қалған проблемаларға жаңаша көзбен қарап, оларды шешуе мүмкіндік беруде, деді Қазақстанның Ұлттық банкінің басшысы. Сөз соңында Г.Марченко, Қазақстан мен Қытайдың қаржы саласындағы ынтымақтастығы, оның ішінде екі мемлекет пен олардың халықтарының арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастар жаңа сатыға көтерілетіндігіне үміт білдірді.