Гаага конвенциясын ратификациялау шетелдіктерді балаларымызды асырап алуға белсенді тарту үрдісі емес - Ж. Түймебаев

;АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Осыған дейін Парламентке екі мәрте жолданып, екі ретінде де жолы болмаған Гаага конвенциясы аталып кеткен «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялауы туралы» заң жобасы бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында мақұлданды. Бұның алдындағы Мәжілістің шақырылымында

«шетелге бала сатып алуға берілгенше, Үкімет өз жетімдеріне жағдай жасауы тиіс» деген мәселе көтеріліп, құжат пысықтала түсуі үшін палатаның комитетіне қайтарылған болатын. Және де өткен жолғы шақырылымда халық қалаулыларының басым бөлігі аталған Гаага конвенциясын қабылдаудан бас тартуға бірнеше нақты себептер де болған еді. Оның біріншісі әрі ең негізгісі - аталған халықаралық конвенцияға АҚШ қол қойғанымен де, оны ратификацияламаған. Ал шетелдіктердің асыруына алынған қазақстандық сәбилердің басым бөлігі сол кездері де және күні бүгінге дейін де мұхиттың арғы жағындағы американдықтардың үлесіне тиген болатын. Ендеше, Қазақстан сол жақтағы өз сәбилерінің құқығын қорғауы үшін алдымен АҚШ бұл құжатты қабылдауы шарт деп еді, бұл орындалыпты - АҚШ 2008 жылдың сәуірінде конвенцияны ратификациялаған екен. Екіншіден, халық қалаулылары Үкіметке Гаага конвенциясымен қатар Неке және отбасы кодексіне де өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартқан болатын. Осылайша, ұлттық заңнамада шетелдіктерге берілетін балалардың құқын қамтумен қоса, заң арқылы бала берілмеуі тиіс азаматтарды да ажырату қажеттігі туындаған. Бұл мәселе де оңды шешімін тауып келеді, қазіргі күні Неке және отбасы кодексінің жобасы Мәжілісте талқылануда.

Бұдан басқа, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев құжатты қабылдау қажеттігін бірқатар себептермен түсіндіреді. «Біріншіден, азаматтық қоғам еліміз аумағынан тысқары жерлерде тұратын, шетелдік азаматтар асырап алған қазақстандық балалардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп отыр. Екіншіден, Қазақстанның бала құқықтарын қамтамасыз ету бойынша БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетінің 33-ші және 45-сессияларының нұсқауларына сәйкес қабылдаған міндеттемелерін орындауы болып табылады. Ал жалпы, Гаага Конвенциясына қосылу және оны ратификациялау бізге шетелдік азаматтар асырап алған балалар құқықтарын қорғау мәселелерінде анағұрлым кең өкілеттік береді. Конвенция бала қабылдаушы мемлекеттерге жауапкершілік жүктейді, конвенцияға қол қойған және оны ратификациялаған басқа мемлекеттердегі балалардың тағдырын қадағалап бақылауға құқық береді. Гаага Конвенциясына сәйкес бала асырап алудағы басымдық ұлттық бала асырап алуға, ал бала шыққан мемлекетте бала асырап алу мүмкін болмаған жағдайда ғана шетелдік бала асырап алуға жол беріледі», дейді министр.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы он жылда елімізден 37 мың 450 бала асырап алыныпты. Оның ішінде, қазақстандық азаматтармен 28 мыңнан астам бала (77 пайыз), баланың шетелдік туысқандарымен -500-ге жуық бала (1,2 пайыз), шетелдік азаматтармен - 8 мыңнан астам бала (21,8 пайыз) асырап алынған. Балалардың басым бөлігін АҚШ азаматтары - 6 мың 406, Испания - 600, Бельгия - 343, Германия - 173, Канада - 167, Ирландия - 140, Франция - 131 асырап алған. Негізінде шетелдіктер 1 жастан 3 жасқа дейінгі - 5 мың 892, 4 жастан 6 жасқа дейін - 1 мың 278, 7 жастан жоғары - 999 баланы бауырына басқан. Бұлардың ұлттық құрамы бойынша: қазақтар - 3 мың 752 болса, орыстар - 4 мың 57, басқа ұлттар - 360-ті құрайды. Сонымен бірге, шетелдік бала асырап алушылардың 90 пайыздан астамы әл-ауқаты жоғары азаматтар көрінеді. Олардың қатарында - АҚШ сенаторы, сауда-өндірістік палатасының төрағасы Кроули, Б. Клинтонның жеке кеңесшісі Демпси, испандық киножұлдыз Мария Мартинес, Ұлттық хоккей лигасының ойыншысы Хайди, испандық опера әншісі Хесус Костикон Россадо және тағы басқалары бар екен.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің жобасы талқылануда. Сондықтан, қазіргі күні шетелдік бала асырап алу ресімін реттейтін нормаларды енгізу мүмкіндігі бар. Алдымен, бұл бала асырап алуға құқығы жоқ шетелдік тұлғалар санатын қайта қарауға қатысты болмақ. Бұл санатқа соттылығы бар тұлғалар, дәстүрлі емес жыныстық бағдардағы тұлғалар, бала асырап алмақшы жалғызбасты шетелдік азаматтар, жасы 50-ден жоғары азаматтар, азаматтығы жоқ тұлғалар, Қазақстан Республикасының елшіліктері мен консулдық мекемелері жоқ мемлекеттерде тұратын азаматтар және тағы басқалары жатады. Әлемде бала өмірі мен тағдырынан артық құндылық жоқ. Еліміздің кішкентай азаматтары туған елінен кетіп жатқанда, әрбіріміз күйініш пен рухани алаңдаушылықты сезінеміз. Жалпы, Гаага конвенциясын ратификациялау шетелдік азаматтарды балаларымызды асырап алуға белсенді тарту үрдісі емес, керісінше шетелдік азаматтар асырап алған балалар құқықтарының қорғалуы мен бақылау мәселесін өркениетті шешу», деді Ж. Түймебаев.

Осылайша, жұрт арасында «шетелге бала сату туралы құжат» аталып кеткен халықаралық конвенция Мәжіліспен мақұлданды. Тоқтала кететін жайт, бұған дейін екі мәрте ұсынылып, кері қайтып келген конвенцияның кіріспесінде «бала өз отбасында тәрбиленуі үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігін әр мемлекет міндет ретінде қабылдауы тиіс», делінген. Демек, ең бірінші бұл конвенцияның талабы әр мемлекет сәбилерге өзінің туған отанында, елінде жағдай жасауы шарт. Олай болмаған күнде ғана шетелге асырауға берілуі керек. Ал Қазақстанда жетімдерді асырауға толық жағдай бар, экономикамыз да аз ғана баланы айдалаға апарып тастатпай, өз елінің азаматы ретінде өсіруді көтереді. Бірақ мәселеге мемлекеттік қадам болмай тұрған секілді. Шетелге бала беру туралы әңгімеден бұрын, осы балаларды елімізде тәрбиеге алуға жағдай жасалса игі. Олай болмаса, бауырмал халықпыз деп мақтанғанымыздың жолы қайсы?

1916 жылы «Қазақ» газетінде пітір, зекет садақаларының берілуі жайын жұртшылыққа түсіндіру ниетіндегі мақаласында Әлихан Бөкейхен «тастанды» балаларға қатысты мәселені қозғап былай дейді: «Ибн ассубил» - бізше жол баласы. Бұған мұқтаждық халдегі жолаушылар мен нақықсыз туған балалар кіреді. Бұлай туған балаларды тәрбие етуді жұрт үстіне міндетті қылып артқан. Бұл ұлттың мұқтаждығын көздеуде ақылды негізбен құрылған бір жол. Сондықтан бұл реттен қарағанда да садақалардың ұлт мұқтаждығын шығару үшін қойылғанын, жұрттарға ұсынылатындығын көрсетеді», деп түсіндіреді. Сосын Ә. Бөкейхан «нақықсыз туған балаларды» ‑ «бұл бізде жоқ, шаһарлы жерлерде көп болады, анасы асыраушысы болмағандықтан тапқан баласын көшеге тастап кетеді» деп тағы түсіндіріп, қазаққа бұл мүлдем жат құбылыс екендігін айтады. Сондай жиренішті дүниенің ұлттың бойында болмағанына шүкіршілік еткенін де байқатады. Ал қазіргі күні өз жетімін өзі асырай алмай отырған қазақ басындағы жайтты қалай түсінуге болады? Осының өзі аз ғана уақыттың ішінде ұлттың қаншалықты тозып кеткенін көрсетпей ме?