Гаитиде зілзала құрбандарының саны 70 мыңнан асты

АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат - Гаити премьер-министрі Жан-Макс Бельрив, бүгінгі таңда ел өкіметінің қаңтардың 13-інде болған зілзала кезінде 72 мың адамның қаза болғанын тіркегендігін мәлім етті.

Бұл деректерге үйінділерді аршығаннан кейін де туған-туыстары әлі таба алмай отырғандар, сондай-ақ елдегі БҰҰ миссиясының қызметкерлері кірмеген. Кейбір сарапшылардың пікірінше, зілзала құрбандарының саны 100-150 мың адамға жетуі ықтимал, деп хабарлайды CNN.

Ел орталығы - Порт-о-Пренс қаласы жерасты дүмпулерінің ауыр салдарын бастан кешіруде. Үйлердің көбісі қираған, ауруханаларда жарық жоқ.

АҚШ өкіметі апат салдарын еңсеру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Гаитиге 10 мыңға жуық әскер жөнелтуді пайымдап отыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі болса, халықаралық бітімгершілік контигенттің қосымша 3,5 мың жауынгері мен полиция қызметкерін осы елге аттандыру туралы шешім қабылдады.

Қазіргі уақытта Порт-о-Пренсте жағдай мүшкіл. Полицейлер тәртіпті қамтамасыз ете алмай отыр. Қалада қаптап жүрген мыңдаған тонаушылар қираған үйлер мен дүкендерден қолдарына түскен заттарды алып кетуде.