Гаитидегі жер сілкіну кезінде 50 мыңға жуық адам опат болды, 3 миллионы жараланды

АСТАНА. Қаңтардың 17-сі. ҚазАқпарат -Алдын ала ресми мәліметтерге қарағанда, Гаитидегі күшті жер сілкінісінің салдарынан 50 мыңға жуық адам опат болды, үш миллионнан астам адам зардап шекті,

деп хабарлайды «РИА «Новости» АҚШ халықаралық даму агенттігіне (ЮСАИД) сілтеме жасап.

Бұдан бұрын гаитилік өкімет орындары қаза болғандардың саны 200 мың адамға жетуі мүмкін екендігін айтқан болатын. Премьер-Министр Жан-Макс Беллерив бұдан бұрын құрбан болған 25 мың адамның денесі үйінді астынан шығарылып, жерленгенін мәлім етті.

Сенбі күні кеште жарияланған ЮСАИД есебінде зардап шеккендердің саны жән АҚШ-тың Гаитиге көмек көрсету жөніндегі қолға алған шаралары туралы статистикалық деректер келтірілген. Қаңтардың 16-ында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон және ЮСАИД құрамына кіретін мемлекеттік департаменттің басшысы жер сілкінісінен зардап шеккен елде болып, оның басшылығына АҚШ мүмкін болған көмектің бәрін көрсететініне сендірді.

ЮСАИД-тың бағалауынша, бүгінгі таңда Гаитидегі басты проблема тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету болып отыр. Жер сілкінісіне дейін де кедейшіліктегі елді азық-түлікпен қамтамасыз ету жолға қойылған. БҰҰ Азық-түлік бағдарламасы екі миллион адамды азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз ету үшін 279 миллион доллар қаржы бағыттауға шақыруда.

Апат аймағында 27 құтқару командасы жұмыс істеуде, құтқару жұмыстарына 1,5 мың адам және 115 үйретілген иттер қатыстырылуда.