Ташкентте Өзбекстан–Қазақстан бизнес-форумы өтті – ӨзА
Ташкентте Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы делегациясының сапары аясында Өзбекстан–Қазақстан бизнес-форумы өтті. Жиынға Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Даврон Вахабов, «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Қанат Шәріпбаев, мемлекеттік органдар мен салалық бірлестіктердің басшылары, сондай-ақ екі елден 300-ден астам кәсіпкер қатысты. Форумда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперация мен экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Аталған басылымның мәліметтеріне сүйенсек, Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 4 млрд 969 млн АҚШ долларына жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға өскен. Форумға Қазақстанның құрылыс, агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, логистика, медицина және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларында жұмыс істейтін 100-ден астам компаниясының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында кәсіпкерлер жаңа серіктестер табу, іскерлік байланыстарды кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Тараптар екіжақты сауда айналымын ұлғайтуға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және жаңа бірлескен өндірістерді іске қосуға мүдделі екенін атап өтті.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Қытайлық ұйым өкілдері Өзбекстанның ұлттық қолөнерімен танысты» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, Қытайдың «Pocket Mount» ұйымы өкілдері Өзбекстанның ұлттық қолөнерімен танысып, мәдени байланыстарды дамыту бағытында пікір алмасты. Ташкентте өткен кездесуде «Хунарманд» қауымдастығы мен қытайлық ұйым өкілдері дәстүрлі қолөнерді сақтау және халықаралық деңгейде насихаттау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Хабарламада айтылуынша, делегация мүшелері Самарқанд, Шахрисабз және Марғилан қалаларындағы қолөнер орталықтарын аралап, жібек тоқу, дәстүрлі технологиялар және шеберлердің тәжірибесімен танысты. Олар Өзбекстанның қолөнер мұрасына жоғары баға беріп, ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылық білдірді.
Тараптар ұлттық қолөнерді әлемге таныту, мәдени алмасуды кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Қазақстан мен Түркияның түркілік стратегиялық серіктестігі – Eurasia Today
Қазақстан мен Түркия стратегиялық серіктестік аясындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту мүмкіндіктерін талқылады. Тараптар халықаралық ұйымдар, соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы ынтымақтастықты дамытуға назар аударды, деп хабарлайды Eurasia Today ақпарат агенттігі.
Хабарламада айтылуынша, кездесулер барысында екі ел арасындағы өзара іс-қимылды жүйелі түрде жалғастыру және экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелері қарастырылды. Қазақстан мен Түркия саяси тұрғыдан сенімді серіктес, ал экономикалық бағытта маңызды әріптес ретінде қарым-қатынасты дамытып келеді.
Айта кетейік, Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет. Екі ел арасындағы ресми дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 2 наурызда орнатылып, сол жылы Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі ашылды.
Қытай Халық Банкі төрағасы Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасымен кездесті – Халық газеті
2026 жылы 30 шілдеде Қытай Халық Банкі төрағасы Пан Гуншэн Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасы Т.Сүлейменовпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы М.Әбілқасымовамен кездесті. Бұл туралы осы аптада Қытайдың Халық газеті басылымы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, тараптар жаһандық экономикалық-қаржылық ахуал мен Қытай-Қазақстан екіжақты қаржылық ынтымақтастығы мәселелері бойынша пікір алмасты. Кездесуге Қытай Халық Банкі төрағасының орынбасары Сюань Чаннэн қатысты.
Кездесу алдында Пан Гуншэн мен Т.Сүлейменов екіжақты валютаны өзара айырбастау туралы келісімді ұзарту туралы құжат алмасу рәсімін өткізді.
Сонымен қатар Халық газеті басылымында ««Күлімсіреу — мәдени мұрадағы Қытай рухының ізі» атты көрме Шэньян қаласында өтті» деген ақпарат жарық көрді.
Келтірілген деректерге сүйенсек, 26 шілдеден бастап Ляонин өлкелік мұражайының жылдық арнайы көрмесі — «Күлімсіреу — мәдени мұралардағы Қытай рухының ізі» ресми түрде көпшілікке тегін ашылды. Көрмені Ляонин өлкелік мұражайы ұйымдастырып, Қытай ұлттық мұражайы, Чжэцзян өлкелік мұражайы, Хэнань мұражайы, Ішкі Моңғол мұражайы, Майцзишань үңгір храмы өнер зерттеу институты, Чэнду мұражайы және т.б. ел бойынша 38 мәдени-тарихи мекеме бірлесіп ашты. Көрмеде балшық, қас тасы, қола, тас мүсіндер кескіндемесі және мүсін өнерінің 300-ден астам мәдени жәдігері қойылды. Олар сегіз мың жылдық уақытты қамти отырып, мәдени мұралардағы әртүрлі «күлімсіреулерді» өзекті желі етті. Күлімсіреу арқылы мәдениет тарихына үңіліп, ортақ сезім арқылы рухты көтеретін Қытай өркениеті көрмесін жасады.
АҚШ Иранға қатысты кейбір санкцияларды алып тастады – ParsToday
АҚШ Қаржы министрлігі Иранға қатысты бірқатар санкцияны алып тастады. Бұл туралы ParsToday агенттігі хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, CGTN-нің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында АҚШ Қаржы министрлігінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйене отырып, Ислам революциясы Сақшылар корпусымен байланысты екі ұшақ пен үш әуе компаниясына салынған санкциялардың күші жойылғаны айтылған.
Сонымен қатар, Al-Hadath телеарнасының хабарлауынша, АҚШ Қаржы министрлігі Ислам революциясы Сақшылар корпусымен байланысты үш ұйымға қатысты санкцияларды да алып тастаған.
Қазақстан Арал мен Каспий өңірлерін жалғайтын маңызды автожол құрылысын бастады – TRT
Қазақстанда Арал теңізі мен Каспий теңізі өңірлерін жалғайтын стратегиялық маңызы бар жаңа автожол жобасының құрылысы басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадан телекөпір арқылы Қызылорда–Сексеуіл, Ұлғайсын–Сексеуіл және Бейнеу–Сексеуіл автомобиль жолдары жобаларының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Мемлекет басшысының айтуынша, ұзындығы 800 шақырым болатын жаңа автожол Каспий маңындағы Бейнеуді Арал өңіріндегі Сексеуілмен байланыстырып, Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау және Құрық порттарымен тікелей жалғайды. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға автомобильмен жүк жеткізу бағыты шамамен 1000 шақырымға қысқарып, тасымалдау мерзімі үш күнге дейін азаяды.
«TRT»-ның дерегінше, Президент Бейнеу–Сексеуіл бағытын «Арал–Каспий автожолы» деп атауды ұсынып, жобаның Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік әлеуетін арттыратынын айтты. Құрылыс кезінде 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, жол пайдалануға берілгеннен кейін жылдық жүк тасымалы көлемі 13,2 млн тоннаға дейін өседі. Жобаны 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «TRT»-да «Ғалымдар адам миының жұмысын модельдейтін жаңа чип әзірледі» деген тақырыптағы ақпарат жарияланған болатын.
Аталған басылымның мәліметінше, ғалымдар адам миының күрделі құрылымын жоғары дәлдікпен модельдеуге мүмкіндік беретін жаңа чип әзірледі. Жаңа технология мидың қатпарлы бетін 10 миллисекундтан аз уақытта модельдей алады.
Дәстүрлі компьютерлерде процессор мен жады арасында деректерді үздіксіз тасымалдау есептеу жылдамдығын төмендетіп, энергия шығынын арттырады. Ал жаңа чип есептеу операцияларын деректер сақталатын ортада тікелей орындауға мүмкіндік береді. Соның арқасында миды модельдеу үдерісі жылдамдап, энергия тұтыну көлемі азаяды.
Сынақ барысында чип мидың ақ және сұр затының шекарасын жоғары дәлдікпен бейнелеп, оның күрделі қатпарлы құрылымын сақтай отырып, үш өлшемді беткі торлар жасады.
Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, зерттеушілер бұл технологияны ми–компьютер интерфейстерінде, мидың цифрлық егіздерін әзірлеуде, хирургиялық навигация жүйелерінде, сондай-ақ Альцгеймер және Паркинсон ауруларын зерттеуде қолдануды жоспарлап отыр.
Чип Қытай ғылым академиясының Шанхай микрожүйелер және ақпараттық технологиялар институтының қатысуымен әзірленіп, зерттеу нәтижелері Science ғылыми журналында жарияланды.