Ғалымдардың зерттеуі Physical Review Letters баслымында жарық көрген.
Бұған дейін алтынның қараймауы оның оттегімен әлсіз әрекеттесуіне байланысты деп есептеліп келген. Алайда жаңа зерттеу металл бетіндегі атомдардың өздігінен қайта орналасып, тотығу ықтималдығын күрт төмендететін ерекше қорғаныс қабатын түзетінін көрсетті.
Ғалымдардың айтуынша, атомдардың мұндай қайта құрылуы алтынның оттегімен реакцияға түсуін миллиардтаған, тіпті триллиондаған есе азайтады. Дәл осы механизм алтын бұйымдардың ондаған, тіпті жүздеген жыл бойы бастапқы қалпын сақтап тұруына мүмкіндік береді.
Зерттеушілер алтын бетінде атомдар мен электрондардың қалай әрекет ететінін модельдеп, оттегі молекулаларының алтын бетінің ең көп таралған екі түрімен өзара әсерін зерттеген. Нәтижесінде, егер атомдар қайта құрылмаса, оттегі металмен әлдеқайда оңай реакцияға түсетіні анықталған.
— Көпшілік алтынның қараймайтынын оның оттегімен әлсіз әрекеттесуінен деп ойлайтын. Біз алтын бетінің ең кең таралған екі түрінде атомдардың қайта орналасуы металды тотығуға әлдеқайда төзімді ететінін дәлелдедік, — деді Тулейн университеті химиялық инженерия кафедрасының доценті Мэттью Монтемор.
Ғалымдардың пікірінше, зерттеу нәтижелері тек іргелі ғылым үшін ғана емес, өнеркәсіп үшін де пайдалы болуы мүмкін. Қазіргі таңда алтын катализаторлары бірқатар химиялық процестерде, соның ішінде пластмасса өндірісінде қолданылатын винилацетат өндіруде, сондай-ақ автокөлік шығарындыларындағы көміртек тотығын тазарту және пропилен оксидін алу технологияларында пайдаланылады.
Зерттеу авторлары алтын бетінің құрылымын басқару басқа металдарды қоспай-ақ немесе нанобөлшектер қолданбай-ақ катализаторлардың тиімділігін арттырудың жаңа тәсіліне айналуы мүмкін деп есептейді.
Айта кетейік, қазақстандық зерттеушілер алтын құрамды тотыққан және сульфидті кендерге арналған екі инновациялық технологиялық тәсіл ұсынды.