AZƏRTAC хабарлауынша, мұны ара өсірушілердің салалық ұйымы жүргізген зерттеу нәтижелері көрсетті.
Импортталған балдың 36 үлгісін талдау барысында барлық жағдайда өнім құрамында табиғи балдың аз ғана мөлшері болғаны анықталған. Қалған бөлігі түрлі қоспалардан, соның ішінде Азиядағы күріш өндірісімен байланысты сироптан тұрған. Ұйым төрағасы Ингве Кильберг арзан импорт, әсіресе Қытай өнімдері нарыққа қысым жасап, швед өндірушілерінің жағдайын қиындатып отырғанын айтты.
Мәліметке сәйкес, бұған дейін мұндай қолдан жасалған өнімдерді анықтау қиын болған. Алайда жаңа ДНҚ технологиясының пайда болуымен жағдай өзгерген. Estonia зертханасында әзірленіп, қолданылып жатқан әдіс өнім құрамын дәл анықтап, адал емес өндірушілерді әшкерелеуге мүмкіндік береді.
— Бал шын мәнінде тірі ағзаға ұқсайды және оның құрамында өсімдіктердің, жәндіктердің, бактериялардың, саңырауқұлақтардың, тіпті адам мен үй жануарларының ДНҚ-сы болады. Мұндай құрамды сироппен қолдан жасау мүмкін емес, — деп түсіндірді молекулалық диагностика профессоры Каарел Крюцков.
Ингве Кильбергтің пікірінше, сертификатталған ДНҚ әдісін енгізу жалған өнімдермен күресте үлкен серпіліс болуы мүмкін. Ол швед билігі бұл технологияны қолдана бастайды деп үміттенеді.
Айта кетелік Қазақстанда ара шаруашылығын қалай дамытуға болатыны туралы жазған едік.