Бұл туралы бүгін Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Ғалымдардың пайымдауынша, Алматының жасы мың жылдан асады. Бұдан былай оның тарихын 1854 жылдан бастап, шолақ қайыруға негіз жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, екікүндік шараға Корея, Ресей, Жапония, Бельгия, Қырғызстан, Италия, Австрия, Өзбекстан, Албания елдерінің орта ғасырлық урбанистикамен айналысып жүрген тарихшы ғалымдары қатысып, Алматының нақты жасын анықтауға атсалысқан болатын. Пікірталастар мен 50-ге жуық баяндама, археологиялық қазбалар мен тарихи жазбалардың негізінде олар Алматының жасы мың жылдан асады деген ортақ ұйғарымға келді.
«Алматының жасы туралы ендігі жерде даурығуға негіз жоқ. Конференция барысында оның 1000 жылдан астам уақыттан бері өмір сүріп келгендігіне нақты дәлелдер айтылды. Археологиялық деректер Алматының тарихының 8-9 ғасырлардан бері болғандығын дәлелдейді. Алайда Қазақстандық археологтар қаланың жасын белгілеу үшін 10 ғасырға тоқталды. Болашақта археологиялық зерттеулер жүргізілсе, қаланың жасы тіпті одан да ары болуы мүмкін», - дейді ресейлік ғалым, академик, Башқұртстанның Ғылым академиясының вице-перезиденті Наиль Мажитов.
Ал жапониялық ғалым Казуи Ямаучидің айтуынша, Алматының тарихына қатысты жұмыстарды жалғастыру қажет. «Қаланың нақты жасын анықтау үшін жаңа технологиялар мен тәсілдерге жүгіну керек. Өз тарапымнан бұған қатысуға дайынмын»,- дейді жапон ғалымы.