Бұл оқулықтардың аударылуы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруы» атты мақаласында қарастырылған қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар жөніндегі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жүзеге асырылғалы отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Философия, социология, психология, мәдениеттану, филология және экономика (менеджмент және кәсіпкерлік) бойынша жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтарды аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы оқулықтар келесі 2018-2019 оқу жылдарында қолданысқа енеді деп жоспарланып отыр.
«Кез келген аударма үлкен шығармашылықты талап ететін жұмыс және айтарлықай қиындықтары да бар. Әсіресе ғылыми тақырыптарды аударған кезде әркімнің пікірі де әр түрлі болып келеді (...) Сол себепті аударма жұмыстарына ағылшын, қазақ тілдерін білетін және осы пәнді жетік меңгерген жоғары оқу орындарының оқытушылары тартылды», - деді ОКҚ-інде өткен брифингте таяуда ғана құрылған Ұлттық аударма бюросының басшысы Рауан Кенжеханұлы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта аударма жұмысына 90 адам қатысуда, олардың арасында оқытушылар, редакторлар және аудармашылар бар.
«Оқулықтардың басым бөлігі ағылшын, сондай-ақ, француз, неміс тілдерінен аударылып жатыр. Тек бір оқулық қана орыс тіліндегі түпнұсқамен жазылған. Бұл жоба аясында АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария және Францияның жетекші баспа ұйымдарымен арамызда серіктестік қатынас орнатылды», - деді Р.Кенжеханұлы.