Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткізілген халықаралық дөңгелек үстел отырысында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқосуға ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі ғарыштық қызметті дамыту департаменті ғарыштық технология және зерттеулер басқармасының бас маманы Бақытгүл Бейсембаева, «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны» АҚ-ның Самара қаласындағы өкілі Мұқат Төлепов, Самара мемлекеттік аэроғарыш университеті оқыту-әдістемелік басқармасының бастығы Владимир Самсонов және басқалар қатысып, пікір алысты.
Жиын барысында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен С.Королев атындағы Самара мемлекеттік аэроғарыш университеті туралы бейнебаян көрсетілді. Осы орайда Самара университетінің Орал қаласында филиалын ашу жайы талқыға салынды. В.Самсонов бұл бастаманы қолдайтынын, оның екі жаққа да тиімді болатынын жеткізді. Отырыста еліміздегі жоғары оқу орындары «Ғарыштық техника және технология» мамандығына оқыту үшін лицензия алу жолдары, сол бойынша бөлінетін мемлекеттік білім гранттары мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.