Геосаяси топыраққа егілген алтын дән

АНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан үшін орасан зор тарихи оқиғаларымен ерекшеленген жиырма бірінші ғасырдың алғашқы он жылдығы аяқталып келеді. Еліміздің Тұңғыш Президентінің сөзімен айтқанда, осы кезеңде қазақ халқы өз төл тарихында алғаш рет қазіргі шекарасында, ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын осыншама аумақта тәуелсіздігін жариялады және әлем мойындаған мемлекетке айналды.

Қазақ халқы ұшы қиырына көз жетпейтін сайын даланың төсінде, ауқымды мемлекетінің қақ ортасында тарихта бірінші рет өзінің таңдауымен елордасын тұрғызды және Астанамыз әлемдік саясат көкжиегінде шолпан жұлдыздай жарқырады. XXI ғасырдың басындағы ең негізгі оқиға болған және планетамыздың Солтүстік жарты шарындағы елдердің басым бөлігінің арасындағы өзара түсіністікке қол жеткізу үшін «ұғынысу нүктесіне» айналған Астанадағы ЕҚЫҰ-ның жақында өткен Саммиті бұл сөзіміздің жарқын мысалы бола алады.

«Астана рухын» орнықтырған осынау халықаралық беделді форумның әлемдік мәні «Хельсинки рухының» жаңа тарихи жағдайда жанданғанынан ғана емес, сонымен қатар мұхиттан мұхитқа дейінгі барынша ауқымды аумақта қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне өту жолдарының көрсетілгенінен де көрініс тапты. Аталмыш оқиға тек Ұйым үшін ғана емес, сонымен бірге Еуро-Азиялық құрлық үшін де, әлемдік қоғамдастық үшін де нәтижесі әсерлі және мән-маңызы айрықша болды. Саммитте «Қауіпсіздік қоғамдастығына қадам» атты Астана декларациясының қабылдануы бүкіл еуроатлантикалық және еуроазиялық кеңістікте қауіпсіздіктің тиімді пішінін қалыптастырудағы сапалы жаңа кезеңге жол ашады, бұл дегеніміз - ЕҚЫҰ-ны түбегейлі қайта жаңартудың басталғанын білдіреді. Осылайша Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымында аса ауқымды жалпыұлттық жобаны нақты жүзеге асыра отырып, Ұйымның қызметіне тың серпін берді. Мұны ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің түгелге дерлігі, жетекші отандық және шетелдік саясаткерлер, дүние жүзіне танымал мемлекет қайраткерлері, халықаралық сарапшылар қоғамдастығы, еліміздің қалың жұртшылығы мойындап отыр.

Сонымен бірге заманалық ауқымдағы жаһандық Саммиттің маңызын кемітіп көрсетуге тырысқан жекелеген әрекеттердің, көбінесе идеологиялық әрі саяси құйтырлықтан ада емес сарапшылардың субьективті түйсіктеріне сүйене отырып бұл жиынға берген бағаларының да орын алып отырғанын айтпай кетпеуге болмайды. Мәселен, кейбіреулер төрт құрлықтағы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің және оған серіктес мемлекеттердің 75 ресми делегациясының, қазақстандық және шетелдік БАҚ-тардың мың жарымға жуық өкілдерінің, 5 мыңнан астам қонақтардың қатысуымен өткен мұндай ауқымды форумды қатардағы іс-шаралардың бірі ретінде көрсетуге тырысып бағуда. Сонымен қатар, бұл шараны бар-жоғы Астананың саяси пиары деп сендірушілер де табылып жатыр. Билікті сынауға дайын тұратын бірқатар БАҚ-тар Саммитке кейбір мемлекеттер басшыларының қатыспағанын және бірқатар делегация жетекшілерінің ерте ұшып кеткен жекелеген фактілерін «олар тарапынан Саммитті елемеушілік болды» деген мазмұнда жерден жеті қоян тапқандай жар салып та жатыр. «ЕҚЫҰ этникааралық қақтығыстардың алдын алуға қабілетсіздік танытты» деген жазғыруларын алға тартуда. Ал, шынтуайтына келгенде көреген саясаткер Қазақстан Президенті Н. Назарбаев саммитке дейін-ақ бұл шарадан дайын рецептерді және барлығының көңілінен бірдей шығатын шешімдерді күту ағаттық болатынын нақты және ашып тұрып айтқан болатын.

Жалпы алғанда, қазақстандық төрағалық барысында көп міндеттердің айтарлықтай табысты орындалғанын атап өткіміз келеді. Мәселен, ЕҚЫҰ төрағасы лауазымына кірісерінің қарсаңында Қазақстан ұзақ жылдардан кейін бірінші рет Ұйымның бюджетін дер кезінде бекіттіре алды, бұны ЕҚЫҰ-ның барлық институттары және оған мүше елдер оң бағалады. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев барлық қақтығыс аймақтарында болып, жағдайды реттеу үшін белгілі бір қадамдарға барды. Дәлірек айтқанда Приднестровьеде Молдова мен Украина арасында транзиттік дәліз қалпына келтірілді, Таулы Қарабақ қақтығысы кезінде қаза тапқан адамдардың мәйіттерін айырбастау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, Грузия басшысымен ешуақытта бір үстелдің басында отырмаймыз деген Ресей басшылығының мәлімдемелеріне қарамай, бұл екі елдің президенттері Астана Саммитінде алқа-қотан отырды. Түптеп келгенде бұлар әзірге болар болмас қана ілгерілеушілік болғанымен, асылы барлығымыз үшін қажет бағыттағы батыл қадамдар екені даусыз. Бұл қатарға сондай-ақ Армения мен Түркия елдері арасындағы қытымыр қарым-қатынастың көбесі сөгілгенін де жатқызуға болады және бұл да біздің елдің батыл бастамаларының арқасында мүмкін болған дүние. Сонымен қатар, бүгін бәрі мойындап отырғанындай, Қырғызстандағы өрши бастаған саяси дағдарысқа ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстанның дер кезінде үн қатуы және Қазақ елінің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жедел әрі тікелей араласуы арқасында, аталмыш елдегі саяси жағдайдың одан әрі ушығуына жол берілмеді. Қазақстанның ауған бағытындағы жұмыстары да мейлінше табысты деп айтуға тұрарлық және бұл істегі негізгі назар ең алдымен проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шоғырландырылғанын атап өткеніміз жөн. Бұл ретте Ауғанстанды сауықтыру және соғыстан кейін қалпына келтіру үдерісі Қазақстанның ең маңызды бастамаларының бірі болды. Меніңше, біздің ел ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің ішінде гуманитарлық салада Ауғанстанға көмек көрсету туралы нақты шешім қабылдаған жалғыз мемлекет болып табылады. Ауған студенттерін Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқыту үшін 50 миллион АҚШ доллары мөлшерінде қаржының бөлінгені осының айқын дәлелі бола алады.

Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің белгіленген үш бағыты бойынша Ұйым жұмысын ұйымдастыруға айтарлықтай теңгерімді және әділ қадам жасай алды. Яғни, Қазақстан адами өлшемді назардан тыс қалдыра отырып, үшінші себетті «семдіреді» деген болжамдар орындалған жоқ. Осы ретте Душанбеде, Варшавада, сондай-ақ Астанада өткен пікірталастардың тікелей қатысушысы болғандықтан, мен Қазақстан бұл бөліктегі өз міндеттемелерін артығымен орындады деп зор жауапкершілікпен мәлімдей аламын. ЕҚЫҰ кеңістігінде де және өз елімізде де қоян-қолтық әріптестікте жұмыс істей отырып, біздер ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының өз мандатын толыққанды орындауына жан-жақты ықпал еттік. ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет іргелі еркіндіктер мен адам құқығы мәселелері бойынша үш деңгейлі Шолу конференциялары болды, оның екеуі Варшава мен Венада, ал соңғысы Астанада өтті. Сонымен қатар Астанада Саммиттің қарсаңында Үкіметтік емес ұйымдардың параллельді конференциясы өтті, онда үкіметтердің қатысуынсыз, еркін жағдайда Қазақстанда және ЕҚЫҰ-ға қатысушы басқа елдерде кездесетін демократиялық өлшемдерді ілгерілету саласындағы нақты проблемалар талқыланды. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ Саммитінің қарсаңында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон жергілікті және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Сөйтіп төрағалық нәтижесінде біздер ЕҚЫҰ-ның пікірталас атмосферасын түбегейлі өзгерте алдық. Айталық, Астанадағы соңғы мәжілісте ЕҚЫҰ-ға мүше елдерінің делегацияларының 800-ден астам өкілдері БАҚ еркіндігі, мигранттарға, адам саудасына қатысты төзімсіздік мәселелерін талқылады.

Осы орайда, әсіресе, қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің адам қызығарлықтай белсенділігін айрықша атап өткім келеді, олардың басым көпшілігі өздерін туған елінің нағыз патриоттары, өнегелі мәдениет пен этиканы ерекше құрмет тұтушылар ретінде көрсетті. Қазақстан интернет қауымдастығы президенті Шавкат Сабыровтың, Бас редакторлар клубының вице-президенті Мірболат Күнбаевтың, Саяси зерттеулер институтының директоры Олеся Халабузарьдің, «Нұр Медиа» ЖШС бас директоры Қайсар Жанахановтың, «Прометей» қоғамдық қоры төрағасы Олжас Сыздықовтың, Бас редакторлар клубы мүшелері Лев Тараков пен Наталья Абсалямованың, «Жергілікті өзін-өзі басқару орталығы» қоғамдық қорының директоры Олег Чернышевтың, «United Citizens Fund» қоғамдық бірлестігінің президенті Әбен Әбдірәсіловтың өз баяндамаларын жоғары кәсіби деңгейде, нақты мысалдар мен фактілерге негіздей отырып жасағандарына сүйсіндік. Бұл азаматтардың сөздері шетелдік аудиторияға Қазақстандағы сөз бостандығына қатысты істің нақты жағдайлары туралы барынша шынайы ақпараттарды жеткізуге толықтай мүмкіндік берді және қазақстандық оппозиционерлердің тұжырымдары мен пайымдарының бірбеткейлігін көрсетті.

Мәселен, форум қонақтары біздің елімізде оппозициялық басылымдар басылып, еркін таратылатындығынан, оларда жұмыс істейтін журналистердің биліктің барлық орталық органдарында аккредиттелгенінен хабардар болды. Сонымен бірге, телерадиохабар тарататын ұйымдар үшін оларды тіркеуге қою туралы тәртіптің мүлдем жойылғандығынан, сондай-ақ редакциясының мекенжайы мен редакторы ауысқан жағдайда газет-журналдар мен ақпарат агенттіктерін міндетті түрде қайта тіркеуден өткізу жөніндегі талаптың да күшін жоғалтқанына олардың көздері жетті. Сұхбат алу кезінде журналисті аудио және бейне жазбаны пайдалануға рұқсат алуды міндеттейтін норманың жоқ екендігін білді. Елімізде журналистің құқығы мен кәсіби мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейгені, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың сұратылған деректерді беруден бас тартқанына байланысты шағымдану үшін журналистердің сотқа өтінім жасау жолындағы бұрындары орын алған тосқауылдың алынып тасталынғаны туралы да оларға толықтай мәліметтер берілді.

Әрине, Қазақстан басты еркіндіктерді қорғау және қолдау саласында барлық биіктерді әлі түгелдей бағындыра қойған жоқ. Атап өтерлігі, бірде-бір мемлекет, соның ішінде ЕҚЫҰ кеңістігіндегі елдер де «міндеттемелердің бүкіл стандарттарын толыққанды орындауда нағыз үлгі болып табыламыз» деп мәлімдей қоюы екіталай. Айтпақшы, WikiLeaks сайтындағы ақпараттар жарияланған кезде АҚШ билігі өзін қалай ұстағанын сыртынан бақылау қызықты болды. Күні кеше ғана олар біздерді және басқа да көптеген елдерді кейбір сайттарға кіруге тосқауыл қойылғандығы үшін жерден алып, жерге салған еді. Қазіргі таңда интернеттегі сансыз компроматтарға тап болып отырған АҚШ билігі сайт иесінің ізіне түсіп, сайтқа кіруге тосқауыл қоюда. Сөйте тұра олар бүкіл әлемге демократия мен адам құқықтарын үйретуде. Иә, бұны олардың ұяттарына қалдырайық, ал біздер үшін ұмтылатын дүниелер баршылық және, ең бастысы, біз қандай да бір өткір мәселелерді әрі күрделі проблемаларды талқылауға дайынбыз. Айталық, шолу конференциясының варшавалық бөлігінде Бас редакторлар клубының арнайы Side-event, яғни кәдімгі дөңгелек үстел өткізгендігі кездейсоқтық емес, онда журналистерді қорғау, бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығын барынша тиімді қорғау үшін азаматтық қоғамның рөлін арттыру, БАҚ-қа қатысты ЕҚЫҰ-ның қазіргі міндеттемелерін орындау мәселелері төңірегінде пікірталастар болды. Нәтижесінде бұл отырысқа қатысушылар моральдық зиян өтемақысының теңдей шамалас деңгейін бекіту, БАҚ-тағы диффамация үшін қылмыстық жауапкершілікті жою, жарияланымдар бойынша талап-арыздың ескіретін мерзімін бір жыл деп бекіту, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған қосымша құн салығын жою туралы ұсынымдар әзірледі.

Ең бастысы, мемлекеттік органдар тарапынан бұл жағдайларға деген толық түсінушілік бар және осы бағыт бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Сондықтан да болар, жоғарыда айтқанымыздай Еуразия ұлттық университетіндегі кездесуде Хиллари Клинтон атқарылған жұмыстар үшін үкіметтік емес ұйымдарға және үкіметке алғыс айтып, Қазақстан Үкіметі осы бағыттағы жұмысты жүргізуде өңірдегі кез-келген мемлекетке қарағанда үлкен прогреске қол жеткізгенін, бұл прогресті ілгерілету бойынша жұмысты жалғастыру үшін өз мойнына міндеттеме алғанын бекерден-бекер айтпаса керек. Өкінішке орай, тайға таңба басқандай көрініп тұрған мұндай айғақты оппозиционерлер мен Еуропадағы жекелеген әріптестеріміз көргісі келмей отыр. Ағымдағы жылғы 1 желтоқсанда «Литер» газетіне берген сұхбатында ҚР Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «бұндай белсенділердің халықаралық форумдардағы міндеті - Қазақстанға болсын-болмасын топырақ шашу, Қазақстанда диктатура, демократиямен адам құқығы жоқ деп айту» деп әділетті пікір білдірген. Сонымен қатар, Литваның Астанадағы елшілігі бөлімінің жетекшісі, министр-кеңесші Антанас Пятраускастың бірқатар қазақстандық оппозиционерлік БАҚ-тардың қызметіне қатысты берген бағасы да назар аударарлық. Кездесулеріміздің бірінде ол былай деп айтқан болатын: «Литва демократиялық республика болып табылады және бізде барлық баспасөз идеологияға тәуелсіз, алайда өте тәртіпті. Мен біздің БАҚ-тарда сіздердің оппозициялық басылымдарыңыздың әр санында байқалатын мемлекеттің басшылығына қатысты мейлінше өшпенділік пен тоғыз балдық сынды ешқашан да кездестірген емеспін. Менің ойымша, олардың бұл ісі дұрыс емес». Өз кезегінде ол «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні» еске сала отырып, пікір еркіндігін пайдалану асқан міндет пен орасан зор жауапкершілік жүктейтінін тілге тиек етті, әрі өзге тұлғалардың абырой-беделін, құқықтарын, сондай-ақ мемлекеттік қауіпсіздікті қорғауға қатысты бірқатар шектеулермен келісетінін айтты.

Иә, биліктің қайсы істі дұрыс жасап жатқанын, қайсысын бұрыс істеп отырғанын көрсететін дәлме-дәл индикатор болуы қажет-ақ. Осы ретте, мені «Қазақстанға ұр да жық емес, сындарлы диалогқа бағдарланған ықпалды және күшті оппозиция қажет» деген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы қанаттандырады. Сондықтан да Елбасының күш-жігері іскерлік, білікті, кәсіби пікірталастар үлгісіндегі мемлекет пен қоғамның сындарлы диалогына арналған алаңды дамытуға бағытталғандығы кездейсоқтық емес. ЕҚЫҰ-ның төрағалығы міндетін атқару барысында біз бұған толық қол жеткізе алдық деген сенімдемін.